Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенатта салық саясатын жаңғырту мәселелері қаралды

13.02.2020 0

Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның төрағалық етуімен «Салық саясатының және салықтық әкімшіліктендіруді жетілдірудің тұжырымдамалық мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға Парламент Сенатының депутаттары, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаменті және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы О.Перепечина өз сөзінде мемлекеттік салық саясатының мәнісі жай ғана салық жинау мен бюджет аударымы емес, ең алдымен экономикалық және әлеуметтік процестерді басқару құралы екенін баса айтты.

«Салық саясаты экономиканың жеке салаларын дамытумен қатар халық жағдайының жақсаруына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, салық саясатының мазмұны ғана емес, оның қалай жүзеге асатыны да маңызды», - деді О.Перепечина.

Салық жүйесін жаңғырту мәселесіне арналған дөңгелек үстелде табысты теңдей бөлу, салық жүйесінің сапасын жақсарта отырып компаниялардың адами капиталға инвестиция құюын ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыру, техникалық қайта жарақтану, экспортты ынталандыру және тағы басқа мәселелер қаралды.

Салық саясатын жаңғыртуды талқылау барысында Сенат депутаты Сергей Плотников қосымша құн салығын 30 мың АЕК-тен 20 мыңға азайту мәселесін көтерді. Қазіргі қолданыстағы ережеге сәйкес, қосымша құн салығы есебіне жылдық табысы 79,5 млн теңге емес, 53 млн теңгеден асатын салық иелері енеді.

«Сарапшылардың пікірінше, заңнамадағы өзгеріс жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық тәртібімен жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қосымша құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұруға міндеттейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жылдық табысы 50 млн теңгеден асатын 12 мың жеке кәсіпкерлік және 7 мыңға жуық заңды тұлға бар. Нәтижесінде аталған ереже шағын бизнеске салмақ түсіреді. Яғни, шағын кәсіп иелеріне салықтық есепті жүргізу үшін бухгалтер қызметіне жүгінуге тура келеді. Сонымен қатар, бұл жерде контрагенттермен жұмыс істеу құрылымын қайта қарау қажеттігі туындайды. Себебі, бұл бизнестің бөлшектенуі мен көлеңкеге кету қаупін төндіреді. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің пікірін білгім келеді. Осы проблемаға қатысты сіздер не дейсіздер?», - деді С. Плотников.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев өз кезегінде салық жүйесін жаңғыртудың ұзақ және қысқа мерзімді жоспарын ұсынды. Ол табысты әділ әрі теңдей бөлуді көздейді. Ондағы қысқа мерзімді жоспарға сәйкес, еліміздегі қымбат ішімдік және темекі өнімдеріне қосымша салық салу, ал ұзақ мерзімге сәйкес, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу болып отыр.

Ольга Перепечина кездесуді қорытындылай келіп, аталған мәселені талқылау жалғасын табатынын жеткізді. «Бизнес бұрынғыша жұмыс істегісі келеді. Дегенмен, уақыттың өз талабы бар, оның үстіне қазір цифрлық технология заманы. Бұл дегеніміз салықты төле де, тыныш ұйықта деген сөз. Салықтық жеңілдіктер мен оның мерзімін шектеу мәселелері де талқыға салуды талап етеді. Ол өте маңызды тақырып, ол туралы айтуымыз қажет», - деді ол.

Бөлісу