Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина: Салық жеңілдіктері нақты нәтижеге бағытталуы керек
ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде салық саясатының және салықтық әкімшілендіруді жаңғыртудың негізгі тәсілдері мен тұжырымдамалық мәселелері» тақырыбына арналған Үкімет сағаты болды.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина өз сөзінде Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Салық кодексінің проблемаларына ерекше назар аударып, оны толығымен жаңарту керектігін атап өткенін еске салды.
«Салық кодексінің ең проблемалы бөлігі – салықтық әкімшілендіру мәселесі. Бұл тарау толығымен жаңартылуы керек. Салықтық әкімшілендіруді сервистік нұсқаға көшіруді қарастыру ұсынылып отыр. Біріншіден, бизнесті салық базасын кеңейтуге ынталандыруға баса назар аудару керек. Салықтық жеңілдіктер нақты мультипликативті әсер алуға бағытталуы тиіс. Екіншіден, салық жүктемесін анағұрлым жоғары кірісті салаларға көшіру және халықтың бай топтарынан түсетін табысты күшейту тетігін пысықтау қажет. Бұл салық жүктемесін әділ бөлуді қамтамасыз етеді», - деді Ольга Перепечина.
Шара барысында халықаралық тәжірибе мен арнайы салық тәртіптері талқыланды. Депутаттар табыстарға салық салудың және салалар бойынша жүктемені бөлудің халықаралық тәжірибесін жүзеге асыру, сондай-ақ арнаулы салық тәртіптерін жаңаша қарастыру, оның ішінде салықтық әкімшілендіру тетіктерін жақсарту және салықтық бақылауды цифрландыруды бар мүмкіндігінше қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және оларды беру жөніндегі мониторинг сапасын арттыру мақсатында салық жеңілдіктерін 20%-ға қысқарту мәселесін қарастыру қажет. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды алуға салық салу мәселелерін реттеу керек. Газды технологиялық тұрғыда еріксіз жағу кезінде, сондай-ақ ұңғымаларды сынау кезінде әлемдік бағаларға емес, өндірістік өзіндік құнға сүйене отырып, бюджеттің ысырап болуына жол бермей салық салу тетігін қайта қараған жөн. Осы және басқа да ұсыныстар біз Үкіметке дайындаған ұсынымдар тізіміне енді», - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, отандық бизнес, «Атамекен» ҰКП, қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің өкілдері және басқалар баяндама жасады.