aikyn.kz 6.03.2019 "ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫ МАЗАЛАЙТЫН НЕ?"
https://aikyn.kz/2019/03/06/81741.html
«Айқын» газеті
Жергілікті тұрғындарды мазалайтын не?
06-03-19
Парламент Сенатының депутаттары ауыл-аймақтарды аралап, Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде жария еткен әлеуметтік қамқорлық шаралары жайын халыққа кеңінен түсіндіруде. Сенаторлар Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев БҚО-ға жұмыс сапары аясында Аңқаты ауылдық округінде ауыл белсенділерімен кездесіп, ел Президентінің съезде айқындаған саясатымыздың басты бағыттары туралы айтып берді және 2018 жылы Сенатта қаралған заң жобалары жайында хабардар етті. Өз кезегінде Аңқаты ауылының тұрғындары жергілікті автожолдарды күрделі жөндеу қажеттігін, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша ұсыныстарын, оның ішінде ауылдық мұғалімдердің жалақысын көтеру және Аңқаты орта мектебін күрделі жөндеу туралы ойларын ортаға салды. Сенаторлар сондай-ақ Теректі ауданының Шаған ауылында да болды. Ауыл тұрғындары Новая жизнь ауылында Мәдениет үйін салу туралы ұсыныс айтты. 1998 жылға дейін құрметті демалысқа шыққандардың зейнетақысының көлемін қайта қарау жөнінде өтініш білдірді. Депутаттар ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек туралы түсіндірді. Олар кездесуде айтылған мәселелер назарда болатынына сендірді.
Жоғарғы палата депутаттары М.Көбенов пен Н.Нұрсипатов Павлодар облысының Ертіс ауданында жүздесулер өткізді. Олар Северный кентіндегі Мәдениет үйінде жұртшылық өкілдерімен, орта мектеп пен дәрігерлік бекет ұжымымен кездесіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттер, оның ішінде балаларға берілетін жәрдемақыларды көтеру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері туралы әңгімеледі.
Тұрғындар Ертіс стансасы арқылы кедендік өтуді қалпына келтіру, сумен қамтамасыз ету тарифін реттеу және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Сенатор Ә.Бектаев Түркістан облысындағы Кентау қаласында болып, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен, қала және ауылдық округтердің, мекемелер мен өндіріс орындарының және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Ол съезде айтылған негізгі үш әлеуметтік бастамаларға айрықша тоқталып, аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, табысы төмен отбасыларды баспанамен қамтуға, білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын көтеруге, жергілікті аумақтарды кешенді дамыту мәселелеріне баса назар аударылатын және алдағы уақытта атқарылатын шаруалар көп екенін айтты.
Кездесу барысында Кентау қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Жұмабаев осы қаланы «экологиялық аймаққа енгізу» мәселесінің Үкімет деңгейінде шешілуіне көмектесуді сұрады. Кентау қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы М.Абдуллаев қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын жеткізе келе, алдағы уақытта осы салада төтенше жағдайлардың алдын-алу, газды пайдалану ережелерін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы «газ инспекциясы» мекемесін құруға жәрдемдесуді өтінді.
Бұдан бөлек, ол тұрғындар тарапынан мерекелік шараларда от шашу, оларды пайдалану барысында бірнеше оқыс жағдайлардың орын алуына байланысты ондай шараларды арнайы мамандандырылған мекеме арқылы өткізу және отшашуларды тұрғындарға сатуға тыйым салу қажетін айтты.
Қалалық мәслихаттың депутаты М.Тұрысбеков білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, жастарды баспанамен қамту мақсатында Үкімет тарапынан арнайы жұмысшы тобын құрып, тиісті мониторинг жүргізуді өтінді. Кентау қаласының Бүргем елдімекенінің тұрғыны Қ.Айтбаев қалаға қарасты шағынаудандарда мал шаруашылығын дамыту үшін қосымша жайылымдық жерлерді қарастыруды сұрады.
Сенат депутаттары О.Перепечина мен Е.Сұлтанов СҚО-ның Тайынша және Аққайың аудандарының тұрғындарымен кездесті. Олар облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев және аудан әкімі Иван Турковпен бірге, Nur Otan съезіндегі Елбасы тапсырмалары мен бастамалары туралы баяндап, тұрғындарды, ауыл еңбеккерлерін әлеуметтік қолдауға қатысты бағыттарына тоқталды.
Жүздесуде Тайынша ауданының тұрғындары сумен қамту және көлік инфрақұрылымы мәселелерін көтерсе, Аққайың ауданының Рублевка және Власовка ауылының тұрғындары ауылдық жерлерде тұратын азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесі алаңдататынын сөз етті. Әсіресе, көпбалалы аналарға «Күміс алқа» төсбелгісін беру тәртібіне қатысты сұрақтар көптеп қойылды.
Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар ауылдық жерлердегі мектептерде жан басына қарай қаржыландыруды енгізудің жөнсіздігіне, мұғалімдердің өндірістен қол үзбей, сырттай білім алуын қайта жандандыруға және басқа да көптеген мәселелерге назар аудартты. Депутаттар тұрғындарды алаңдатқан көптеген сауалдарға жауап беріп, басқа да ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарда пысықтау үшін жазбаша түрде Сенатқа жолдауды сұрады.
Сенаторлар Б.Әйтімова, Б.Жұмағұлов, Д.Нөкетаева, Н.Қылышбаев Алматы облысында Елбасының партия съезінде белгілеген әлеуметтік қолдау шараларының орындалуы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сенатор Б.Әйтімова өңір басшысы А.Баталовпен кездесу барысында сапардың негізгі мақсаты – тұрғындардың аудандық, облыстық немесе республикалық деңгейде шешілетін немесе қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізуді талап ететін мәселелерін айқындау екенін мәлім етті. Амандық Баталов облысты газбен қамтамасыз ету және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру жөніндегі депутаттардың сауалдарына жауап беріп, Текелі қаласының даму көрсеткіштері туралы баяндады. Ол қала тұрғындарын жұмыспен қамтуда «Суффле» ашытқы шығару зауыты, шойын зауыты, тау-кен өңдеу кешені сияқты кәсіпорындардың алатын орны туралы айтып берді.
Сенат депутаттары Р.Әкімов, Д.Әділбеков және Д.Құсдәулетов Ақмола облысындағы Астрахан ауданы, Петровка ауылындағы мектеп пен медициналық орталықтың қызметкерлерімен кездесті. Олар 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға дейін көтерілетінін хабарлады.
Бұл білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 1 миллионнан астам мемлекеттік қызметкерді қамтиды. Мәселен, медицина саласындағы кіші буындағы қызметкерлердің еңбекақысы 65 мың теңгеге дейін, орта буын мамандарының еңбекақысы 100 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Сенаторлар М.Тағымов, М.Жұмағазиев
пен А.Мұсаханов Ақтөбе облысында өңір әкімі
Оңдасын Оразалинмен кездесті. Онда аймақтың қазіргі
жағдайы мен оны әлеуметтік-экономикалық дамытудың
негізгі мәселелері талқыланды. Агроөнеркәсіптік кешенде
мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру, жол
инфрақұрылымын дамыту және аймақтың
елдімекендерін аббаттандыру мәселелері де қозғалды. Депутаттар
«Мұрагер-22» балық зауытын және «ГринКапиталҚазақстан»
жылыжай кешенін де аралады. Жалпы алғанда, ауыл-аймақ
тұрғындары Елбасы тапсырмаларының уақытылы
берілгенін білдіріп, алға қойылған барлық міндеттерді
сапалы іске асыруға болатынына кәміл сенеді. Елдос СЕНБАЙ
https://aikyn.kz/2019/03/06/81741.html