Ерік Сұлтанов Есіл және Шал ақын аудандарында болды
Ерік Сұлтановтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарының төртінші күні Есіл ауданының нысандарын аралаудан басталды.
Сенатор Покровка ауылында су тарату желілерін қайта құру жұмыстарымен танысып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Сенат депутаты осы ауылда жалпы білім беретін мектептегі терезе блоктарын ауыстыру жұмыстарының барысын, сондай-ақ спорттық мүкәммалмен жабдықталғанын көрді.
Сондай-ақ, Ерік Хамзаұлы жол бойындағы қызметті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты, қолданыстағы қолдау бағдарламаларын, атап айтқанда «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламаларын қолдана отырып, бұл жұмысты жандандыру мүмкіндігін атап өтті.
Одан кейін сенатор Шал ақын ауданының Жаңажол ауылына барды. Мұнда ауылға кіреберіс жолдың жөндеу барысын тексерумен қатар, ақсақалдармен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары көшені жарықтандыруды жақсартуға, кентішілік жолдарды жөндеуге және шабындық жерлерді беруге байланысты мәселелерді көтерді.
Барлық сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдаған Ерік Сұлтанов: «Ауылды абаттандыру бойынша жұмысты жергілікті басшылық жүргізетін болады. Егістік жерлер жалпы пайдалануға қайтарылуға тиіс. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады».