Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат депутаттары «Қамқорлық» орталығының жұмысымен танысты

05.07.2023 0

Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров және Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапары барысында «Қамқорлық» балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды.

Сенаторлар оңалту орталығының жұмысымен танысып, қызмет алушы балалардың ата-аналары және мамандармен кездесті. Кездесу барысында сенаторлар әлеуметтік саланы дамыту бағытында Парламентте қабылданған заңдар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған мемлекеттік ауқымды шаралар туралы баяндады.

Қамқорлық орталығы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және  «Қамқоршылық қоры» Самұрық – Қазына қорының қаржыландыруымен ашылған.

Аутизмі бар балаларға арналған орталықта балалар мен олардың отбасыларына кешенді қолдау көрсетеледі. Атап айтқанда, 1,5 мен 18 жас аралығындағы балалар және жыл сайын жүйелі түрде 125 бала мамандардың көмегін тегін алуда. Орталық эрготерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия сияқты емдеудің 16-ға жуық түрінен қызмет көрсетеді.

- Жақында ғана Парламентте мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттама ратификацияланды. Оның ережелері мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілікті жоюға және инклюзивтілік қағидатын іске асыруға бағытталған. Инклюзивті қоғам құру үшін біз ерекше балаларды күнделікті әлеуметтік өмірге бейімдеуіміз керек, ол үшін дәл осындай оңалту орталықтарының ашылуы аса маңызды. Өкінішке орай, елімізде аутизммен ауыратын балалар санының өсімі байқалады. Бір ғана Шымкенттің өзінде аутизм спектрі бұзылған 220-дан астам бала тіркелген, - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

- Мемлекет мүгедектігі бар балаларға қажетті барлық әлеуметтік дағдыларды үйретуге мүмкіндік жасауда, мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде ашылуы тиіс. Аутизммен ауыратын балаларға уақтылы медициналық, әлеуметтік, педагогикалық тұрғыда көмек көрсетілген жағдайда олардың 60% жалпы білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабілетті екені дәлелденген. Сондықтан орталықта алған емдік шаралардың тиімділігіне аса мән беру керек , — деп атап өтті сенатор Нұрлан Бекназаров.

Бөлісу