Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қарағанды облысындағы Осакаров ауданында көшпелі отырыс өткізді

20.10.2023 0

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қарағанды облысындағы Осакаров ауданында көшпелі отырыс өткізді. Онда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және құқық қорғау органдары тарапынан бизнеске қысым жасауға жол бермеу мәселелері талқыланды.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Мемлекет басшысы бизнеске қатысты бақылау-қадағалау және тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде мемлекет пен бизнес арасында сенімді қарым-қатынас орнату міндетін алға қойған болатын. Өйткені, кәсіпкерлері белсенді мемлекет экономикалық тұрғыдан да, халықтың өмір сүру деңгейі тұрғысынан да қарқынды дамитын болады. Біз өз кезегінде Сенат депутаттары ретінде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға заңнамалық көмек көрсетуге дайынбыз», - деді Нұрлан Бекназаров.

Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеров шара барысында кәсіпкерлерді негізсіз тексеруден жүйелі қорғау және оларды қылмыстық процес аясына заңсыз тарту мәселелері туралы айтып берді. Ол Бас прокурордың нұсқауы бойынша бизнес субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді бастау үшін нақты негіздер айқындалғанын, оған сәйкес істерді тіркеу 3 есеге төмендегенін атап өтті. Отырысқа облыстың полиция және экономикалық тергеу департаменттерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, сондай-ақ бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері де қатысты.

Сенатор Нұрлан Бекназаров кездесуді қорытындылай келіп, бизнес-қауымдастығы мен құқық қорғау органдары арасында ашық диалог құру қажеттігіне тағы да назар аударды.

«Кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелер және ұсыныстарымен бөлісе алатындай, ал мемлекеттік органдар өзгеріп отырған жағдайға жедел ден қоятындай талқылау алаңдары мен тұрақты кері байланыс тетіктерін құру қажет. Дамыған және қуатты экономиканың негізі – өзара түсіністік пен іс-қимыл болып табылады», - деді сенатор Бекназаров.

Бөлісу