Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Ағымдағы жылғы 3 қаңтарда Сенат депутаттары Н. Бекназаров пен А. Қапбарованың Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қалалық мәслихат депутаттарымен және Шымкент қаласы қоғамдық және ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті.

03.01.2024 0

Ағымдағы жылғы 3 қаңтарда Сенат депутаттары Н. Бекназаров пен А. Қапбарованың Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қалалық мәслихат депутаттарымен және Шымкент қаласы қоғамдық және ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Кездесуде қатысушылар тарапынан әлеуметтік, ауылшаруашылық, тұрғын үй, кәсіпкерлік, сонымен қатар қаланың бірнеше басым бағыттар бойынша сауалдар қойылып, шешу жолдары талқыланды.

Сенатор Нұрлан Бекназаров VIII шақырылымның II сессиясында қабылданған 28 заңнамалық актілердің мән-маңызына тоқталды. 

- Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі саяси реформаның жаңа талаптарына сәйкес жаңа заңнамалық нормалар қабылдануда. Мұның бәрі де ең алдымен құқықтық әділеттілікке, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қатынастарды реттеуге,  мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға, халықтың жайлы өмір сүруіне бағытталған,- деді сенатор Н.Бекназаров.

Айгүл Қапбарова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның негізгі новеллаларымен бөлісті. Өзгерістерге сәйкес еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу көзделеді.

Депутаттар кездесуде Сенат палатасының өңірлермен өзара іс қимылын күшейту шеңберінде жергілікті мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс істеуге шакырды. 

Кездесуде сонымен қатар сенаторларға мегаполистің инфрақұрылымдық қуатын күшейту, агроөнеркәсібі саласын қолдау, баға саясатын реттеу, жастар тәрбиесі мәселелері бойынша сұрақтар қойылды. Депутаттар көтерілген маңызды мәселелерді бақылауға алатынын, ол бойынша тиісті ведомстволармен бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізді.

Осы күні Сенат депутаттары «Ынтымақ-2» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті.

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Ынтымақ-2» шағын ауданында 11 мыңнан астам халық тұрады. Сенаторлармен кездесуде жергілікті жұрт кәріз жүйесіне қатысты шағым білдіріп, жаз мезгілінде төзу мүмкін емес екенін айтты. Сондай-ақ көгілдір отынды қосу, ішкі орамдық жолдарға асфальт төсеу, қоғамдық көлік бағытын реттеу және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді.

Өзекті мәселелермен танысқан сенаторлар жағымсыз иіске байланысты мәселені шешу мақсатында тиісті мекеме басшыларына кәріз тазалау құрылғысының қуатын арттыру бойынша тапсырма берді. Қазіргі таңда оның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал қоғамдық көліктердің жұмысын ретке келтіру бойынша жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жүйелі жоспар әзірлеу қажеттігін алға тартты.

Тұрғындар көтерген тағы бір өзекті мәселе - газдандыру мен көшелерді  жарықтандыру.

Сенаторлар табиғи газ беру жұмыстарының құрылысына қаражат қаралғанын және биыл оның аяқталатынын жеткізді. Ал келесі жылы  Шымкент қаласындағы әр ауданда 200 көшеге жарықшам орнатылатынын айтып, халықтың тыныс-тіршілігі әрдайым назарда болатынын хабарлады.

Сонымен бірге, сенаторлар Абай  ауданындағы күніне 350 пациентті емдеу және 100 адамды қабылдауға арналған № 14 жеке емдеу орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Депутаттар тұрғындар көтерген мәселелердің жіті бақылауда болатынын жеткізді

Сонымен қатар, депутаттар азаматтарды жеке қабылдау жүргізді. Қала тұрғындары тұрғын үй ипотекасын төлеуге жәрдемдесу, қаржылай қолдау көрсету және мүгедек балаларға арналған дәрілік препараттарды сатып алу, мемлекеттік сатып алуды өткізу мәселелері сияқты түрлі мәселелермен жүгінді. Депутаттар азаматтардың өтініштеріне ерекше назар аударып, барлық мәселелер қолданыстағы заңнама шеңберінде қаралатынын түсіндірді. Бірқатар өтініштер жан-жақты зерделеу үшін жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.

Бөлісу