Шымкент қаласы (2021 ж., мамыр)
2021 жылдың 30 сәуірі мен 10 мамыры аралығында әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Нұрлан Бекназаровпен бірге Шымкент қаласының бірқатар нысандарын аралады:
4 мамырда сенаторлар №2 қалалық ауруханада болды. Бұған дейін ауруханаға барған кезде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Ал бұл сапардың мақсаты – орындалған жұмыстың сапасын тексеру. Дәрігерлер депутаттарға аурухана жанында инсульт орталығының жұмысы ұйымдастырылғанын атап өтті. Жүрек-қан тамырлары ауруларын жедел және тиімді анықтауға мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз ангиограф аппараты көрсетілді. Сонымен қатар, сандық рентген аппараты және компьютерлік томография жабдықтары депутаттар назарына ұсынылды. Бұл қызметтердің барлығын қала тұрғындары тегін ала алады.
Депутаттар коронавирус пандемиясымен күрес тақырыбын да назардан тыс қалдырмады. Сенаторлар елімізде вакцинация жүргізуге ерекше көңіл бөлінетінін еске салды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинация және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру коронавирусты жеңуге, яғни барлық шектеулерді алып тастауға, қалыпты өмір мен экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Вакцинация-өзіңізді және жақындарыңызды COVID-19 ауыр ағымынан қорғаудың ең сенімді әдісі. Сондықтан халықпен үнемі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», - деп атап өтті сенатор Айгүл Қапбарова.
Дәрігерлер көтерген маңызды мәселелердің бірі – перзентханалардың жетіспеушілігі. Статистикаға сәйкес, мегаполисте әр 15 минут сайын жаңа туылған нәресте дүниеге келеді. Бала туудың жоғары деңгейіне байланысты қала босанатын әйелдер үшін төсек-орын тапшылығына тап болады. Сенаторлар бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, оны шешу үшін тиісті шаралар қабылдауға уәде берді.
5 мамырда сенаторлар А. Қапбарова мен Н.Бекназаров Бас жоспарға сәйкес Шымкент қаласының Тұран шағын ауданында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлер мен инженерлік желілер құрылысының сапасымен танысты.
Биыл Шымкентте 112 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 1916 пәтер көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға және жұмысшы жастарға берілетін болады. Қалада тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 35% - ға артты. Алайда, 42 мыңнан астам шымкенттіктер тұрғын үй кезегінде тұр.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тұран шағын ауданының 197 га жер теліміне 2020-2025 жылдар аралығында 382,3 млрд.теңге қаржы бөлінді. 384 көпқабатты тұрғын үйде немесе 18 896 пәтерде 1306,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.
Сенат депутаттары осы шағын аудан тұрғындарына бұрын тұрғын үй сапасына қатысты шағымдар түскенін ескеріп, сала мамандары мен мердігер компанияның құрылысшыларына бірқатар сұрақтар қойды.
Сенаторлар құрылысшыларға тұрғын үй сапасына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтсе, тұрғындар өз кезегінде анықталған олқылықтарды тезірек жоюды талап етті. Сонымен қатар, пайдалануға беріліп жатқан үйлердің сатып алу бағасының қол жетімді болуын, құрылыс нысандарының уақтылы аяқталуын және инженерлік инфрақұрылымның сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сол күні сенаторлар А. Қапбарова мен Н.Бекназаров Әл-Фараби атындағы академиялық жекеменшік мектебінің жұмысымен танысты.
Пандемия кезінде "Оңтүстік" қабылдау үйі" тойханасы бос тұрған ғимаратты алғашқылардың бірі болып мектепке айналдырды, осылайша Шымкенттегі мектеп тапшылығы мәселесін шешті. Мейрамхана оқу орындарының білім беру талаптарына сәйкес қайта жабдықталған.
Аталған оқу орнында 1300 бала оқиды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 35 жекеменшік мектеп бар, оның 29-ы әр оқушыға есептелетін жан басына қаржыландыру бюджет жүйесі арқылы тегін оқытады. Қалған алты мектеп ақылы жүйеде жұмыс істейді.
Сенаторлар мен сала мамандары мектеп тапшылығы мәселесін шешу жолдарын талқылады. Қалада 14 үш ауысымды және 1 апатты мектеп бар. Шымкентте биыл 19 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 мың оқушыға артқан.
Алдағы бес жылда қалада 72 жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отыр.
Кездесу барысында жеке меншік мектептердің иелері Сенат депутаттарына Үкіметтің № 64 Қаулысына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша жүгінді. Өзгерістер тек мемлекеттік білім беру ұйымдарының ғана емес, сондай-ақ жекеменшік мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылардың балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысты. Жекеменшік мектептерде аз қамтылған отбасылардың балалары ақысыз білім ала алады, бірақ жеңілдетілген тамақтанудың артықшылығын пайдалана алмайды.
Сенаторлар бұл мәселені Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен талқылайды.
6 мамырда депутаттар Шымкенттегі коронавируспен күрес жөніндегі штабта болды. Штаб отырысында сенаторлар мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері пандемиямен одан әрі күресу шараларын талқылады.
Сол күні сенаторлар қала әкімдігінің өкілдерімен бірге азаматтарды онлайн қабылдауға қатысты. Азаматтардың қабылдауда көтерген негізгі мәселесі баспана мәселесін шешуге және жер телімдерін алуға көмектесу болды.
Сенаторлар Шымкент қаласының көтерілген өзекті мәселелерін бақылауда ұстайтын болады.