Шымкент қ. (2021 ж., қантар)
2020 жылдың 30 желтоқсаны мен а.ж. 8 қаңтары аралығында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Нұрлан Бекназаровпен бірге Шымкент қаласының бірқатар нысандарын аралады:
30 желтоқсанда Нұр-Отан партиясының ғимаратында қалалық Мәслихат депуттатарымен және қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.
Сенаторлар ҚР Парламенті Сенатының 2020 жылғы қызметінің қорытындыларымен бөлісті. Депутаттар қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша жақында қабылданған заңның негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Қабылданған заңда қоғамдық кеңестердің ұйымдық тиімділігін, демократиялылығын, жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін оларды қалыптастыру және құру тетігін жетілдіру көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдер қабылдауына азаматтық қоғамды тарту тетігі жетілдірілетін болады.
Кездесу барысында Мәслихат депутаттары және бір қатар қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенділеріне атқарған қызметі бағаланып, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.С. Әшімбаевтың атынан Құрмет грамотасы мен Сенат төрағасының алғыстары табысталды.
5 қаңтарда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова «MEDIKER» медициналық орталығын аралап көрді.
Шымкентте баламасы жоқ бірегей медициналық құрылғысы бар орталықта тұрғындарға медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі.
Орталықта мемлекеттік тапсырыстың есебінен жергілікті емханалардың жолдамасы негізінде халықтың 80 пайызы тегін емделеді.
– Клиника соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Орталық тәулігіне 300-ге дейін науқас қабылдай алады. Біздің алдағы жоспарымыз – медициналық туризмді дамыту және медициналық цифрландыру жүйесін дамытып, медицинаны қолжетімді ету, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Өз кезегінде депутаттар тұрғындардың дер кезінде қажетті ем-дом алуына, тиісінше медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға баса назар аудару қажеттігін тапсырды.
6 қаңтарда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары кезінде қалаға жаңадан қосылған Маятас, Тоғыс елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Аталған елді мекендерде 20 мыңға жуық халық тұрады.
Кездесуде тұрғындар қалаға жаңадан қосылған бұл елдімекендерді дамыту үшін соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылғанын айтты.
Бүгінгі таңда қос елдімекендегі барлық жолдар мен аяқжолдарға жаңадан асфальт төселген. Көшелер жарықтандырылып, аулалар абаттандырылған. Балалардың ойын алаңы мен спорт алаңдары ашылды. Электр желілері мен трансформаторлар жаңартылып, тұрғындар сапалы электр қуатын пайдалануда.
Қазір магистралды кәріз жүйесі жаңартылуда. Биыл осындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің негізі ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қазір 300 орындық қосалқы ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Бадам өзенінің үстінен өтетін жергілікті 3 көпірде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілген.
Кездесу барысында жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Ашетов сенаторларға бірқатар проблемаларды да айтты. Маятастық кейбір тұрғындардың үйі қалаға өткенімен ауыл шаруашылық жерлері Төлеби ауданының қарамағында қалған. Соның салдарынан шаруалар субсидия мен басқа да мемлекеттік қолдаудан шет қалып отыр. Сонымен бірге жыл сайын көктемде Бадам өзенінен келетін су тасқыны қаупін алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді.
Сенат депутаттары тұрғындар көтерген мәселені назарға алатынын мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ірі қалалардың шетінде орналасқан елдімекендердің проблемаларына баса назар аударылуда. Бүгінгі сапар барысында Маятас, Тоғыс тұрғын алаптарында жергілікті халықпен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдап, жазып алдық. Алдағы уақытта тиісті мекемелерге жеткізіп, өзекті мәселелердің оң шешілуіне атсалысатын боламыз, – деді сенаторлар.
Тұрғындармен пікірлесу кезінде Сенат депутаттары 2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты 110 заң жобасын қарап, қабылдағанын атап өтті. Аталған заңдардың дені пандемия кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ биылғы ел бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға, яғни халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалатынын атап өтті.
8 қаңтарда ҚР Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы «Цитадельге» барып, туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Қаланың құнды жәдігерлерін аралап көрген депутаттар бұл мұражай туристерді тартатын әрі қала тұрғындары мен қонақтарына арналған Шымкенттің ең көрікті жеріне айналатынын атап өтті. Бүгінде «Цитадельдің» қабырғалары қайта қалпына келтіріліп, абаттандырылуда.
Аталған мұражайды алдағы уақытта ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу жоспарлануда.
– «Цитадель» – 2200 жылдық тарихы бар көне шаһарымызды айшықтайтын Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Мұнда археологиялық жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Бұл нысан болашақта Шымкенттің жарқын туристік брендіне, қала тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша орынға айналатынына сенім мол екенін депутаттар атап өтті.
Өткен жылы Шымкент қаласы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін иеленіп, үшінші мегаполисте 1700-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Мәдениет туралы заңға енгізілген жаңа түзетулер жайында баяндады.Мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау мәселелерін депутаттар сөз етті.