Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Шымкент қ. (2021 ж. ,тамыз)

06.08.2021 0

2021 жылдың 6 тамызынан 13 тамызына дейін Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Нұрлан Бекназаровпен бірге Шымкент қаласының бірқатар нысандарын аралады:

Осылайша, 6 тамызда Сенат депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына сапары барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. Қалалық ІІБ-де болған кезде депутаттар мегаполис тұрғындарының құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайымен танысты.

Полицейлер сенаторларға бейнебақылау орталығы мен полицияның заманауи мобильді бөлімшелерінің жұмысын көрсетті. Олар қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 70 бейнебақылау құрылғысы орнатылғанын және халық тығыз орналасқан аудандарда 100 мобильді полиция учаскесін салу мәселесі шешілгенін айтты.

Кездесу барысында қауіпсіздік қызметкерлерінің қызметін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, құқық қолданудың үш деңгейлі жүйесін енгізу және халыққа «қадамдық қолжетімділік» қағидатына негізделген полиция қызметінің моделін заңнамалық бекіту талқыланды.

«Пандемия кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы күрделене түскені белгілі. Осыған байланысты мегаполисте полиция қызметін жетілдіру және заманауи талаптарға сәйкес цифрлық сервистерге көшу маңызды. Карантин кезінде қозғалысты бақылау және халықтың қауіпсіздігі де өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан көшедегі бейнебақылау камераларын орнатудың тиімділігі артуда. Сонымен қатар, бақылау камерасы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, айыппұл салу үшін де көп жұмыс істеуі керек», - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

7 тамызда Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкентке сапары кезінде мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.

Кездесуде мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына, денсаулық сақтау саласына және тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер көтерілді. Сенаторлар бұл мәселелердің өзектілігін атап өтіп, оларды мұқият зерделегеннен кейін заңнамалық деңгейде шешуге ықпал ететіндедерін атап өтті.

8 тамызда депутаттар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған көлік-логистикалық компанияның қызметімен танысты. Бұл Шымкентте жалпы температурасы мен режимі бақыланатын заманауи қоймалар салуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, кәсіпорын аумағында кедендік ресімдеу, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау аймағы орналасқан.

Сенаторлар мұндай жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор екенін атап өтті. Бұл - аймақ экономикасына, логистикалық әлеуетті дамытуға, сондай -ақ жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлес.

 

Сондай-ақ, сапар аясында сенаторлар Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жол айрығының құрылысымен танысты. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Еран Жолдасов аталған құрылыс нысанының жұмыс барысы туралы баяндады, сондай-ақ жол қозғалысының аяқталу мерзімі туралы айтып берді.

 

Басқарма басшысының айтуынша, қалада осындай төрт жол айрығы болады. Сондай - ақ, Бәйдібек би даңғылы – Арғынбеков көшесі мен Сайрам көшесі-Жібек жолы даңғылының қиылысында жол айрықтарын салу жоспарлануда. Сенаторлармен әңгіме барысында Еран Жақсылықұлы Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы құрылыстың мақсаты Ташкент тас жолы мен Батыс-Еуропа Батыс-Қытай халықаралық көлік жолын жалғау, атап айтқанда қаладан «жасыл дәліз» құру болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте кең жолақты айналма жолдар арқасында ауыр жүк көліктері орталық көшелермен емес, қаланы айналып өтетін болады.

 

Жоспар бойынша 15 қыркүйекте Қонаев көшесін Бәйдібек би даңғылымен жалғайтын жол өтпесі пайдалануға беріледі, ал нысанның құрылысын аяқтаудың жалпы мерзімі ағымдағы жылдың желтоқсан айына белгіленген.

 

Айгүл Қапбарова сондай-ақ «Парламент сағаты» («Qazaq радиосы») бағдарламасына қатысып, Шымкенттің проблемалық мәселелерін журналистермен талқылап, өңірге сапар қорытындыларымен бөлісті.

Бөлісу