Шымкент қ. (2022 ж., наурыз)
18 наурыз ҚР Парламенті сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова және Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына іс сапар барысында қалаға жаңадан қосылған елдімекен тұрғындарымен кездесті.
Елдімекен тұрғындары кездесуде алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауын жылы қабылдағанын жеткізіп, елдің әлеуметтік экономикалық, саяси саласында оң өзгерістер орын алатынына сенім білдірді. Сенаторлар Парламент алдында Жолдаудан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарларды талқылады.
«Асар-2» шағынауданында 12 мыңға жуық халық тұрады. Қалаға жаңадан қосылған елдімекен инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз етілмеген.
Сенаторлар елдімекендегі халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, инфрақұрылымдық мәселелеріне қатысты туындаған сауалдарын тыңдап,құзырлы органдардың өкілдеріне тапсырма берді.
Сенатор А.Қапбарова Президенттің Жолдауы барлық салаға жаңа серпінмен жұмыс істеу міндеттерін жүктеп отырғанына тоқталды.
«Асар-2» шағынауданында ауыз су, табиғи газ, жол, кәріз жүйесі мәселелері толыққанды шешілмеген. Қазіргі таңда, ауыз су мәселесін шешу үшін кезекті бюджеттік нақтылауға құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджетке қаржы бөлуге ұсыныс берілген. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Шымкент қаласы аумағында табиғи газ қысымының жетіспеушілігіне байланысты АГТС-3 құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталуы жоспарлануда.
Тұрғындар сенаторларға үй ішіне дейін газ құбырын тарту құны тым жоғары екеніне шағымданды. Халықтың талап тілектерін тыңдаған Сенат депутаттары газ құбырын тарту ісімен айналысатын компаниялардың қызмет көрсету тарифтеріне сараптама мен бақылау жүргізу керектігін ескертті.
Сол күні де сенаторлар А.Қапбарова және Н.Бекназаров Шымкент қаласында жуырда ашылған «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының жұмысымен танысты. Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, ақпараттық-консультациялық, психологиялық, құқықтық және жұмысқа орналастыру бойынша қызмет көрсетеді.
Сенаторлар орталықтан көмек алушылармен кездесіп, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға жағдай жасау –елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың басты мақсаты екенін атап өтті. Сондай-ақ, Сенат депутаттары Мемлекет басшысының биылғы жолдауының ерекшелігін әлеуметтік қолдау орталығына келген азаматтармен бірге талқылап, елімізде әлеуметтік қамтамасыз ету мен қорғау барысындағы заңнамалық құжаттарға тоқталып, былтыр елімізде азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты заң жобасы қабылданғанын атап өтті. «Тең қоғам» орталығы азаматтардың сұранысы бойынша тегін құқықтық кеңестер беріп, тұрғын үймен қамту мәселесі, әлеуметтік қызметтерге тапсырыс беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тартып, кәсіпке баулиды.
Бүгінде Шымкент қаласында 37 337 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 6 844 мүгедек балалар бар.
Қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі функциясы іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзінің электрондық қолтаңбалы кілт арқылы құралдар мен қызметтерді таңдауды үйретеді.
Кездесу барысында мүгедек жандарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер жалақысының төмендігі айтылды.
Мәселен, жалақысы күнкөріс деңгейіне сәйкес келмейтіндіктен инва такси және әлеуметтік такси жүргізушісі қызметіне деген сұраныс жоқ.
Кездесуге қатысушылар депутаттардан әлеуметтік қызметкерлерге лайықты жалақы төлеу мәселесіне ықпал етуді сұрады.
24 наурыз Сенаторлар А.Қапбарова және Н.Бекназаров Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновпен бірге Әл Фараби ауданының белсенді тұрғындарын қабылдады. Әл-Фараби ауданы - үшінші мегаполистің ең ірі аудандардың бірі. Тұрғындар емхана, жарықтандыру, ауыз су, табиғи газ, спорт алаңшаларын салу, қоғамдық көлік, коммуналдық қызмет, тағы да басқа инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету бойынша талап өтініштерін білдірді. Басқосуға келген тұрғындардың басым бөлігі бұған дейін көтерілген мәселелердің орындалу нәтижесін сұрады. Сенаторларға жергілікті атқарушы билік өкілдері қала тұрғындарының 30 дан астам өтініш арызының 13-і бүгінде өз шешімін тапқанын, қалған бөлігі орындалу барысында екенін мәлімдеді.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов депутаттарды халықпен тығыз ашық диалог орнатудың қолға алынған жаңа форматымен таныстырды. Аумағы кеңейіп, халқы тығыз орналасқан әрі қалаға жаңадан қосылған елдімекендердің өмір сүру сапасын арттыру басты міндет болып қала бермек. Бүгінде Шымкент қаласындағы жергілікті билік төрт ауданның әрқайсысын тұрғындар мұқтажына орай жеті секторға бөліп жұмыс атқаруда. Әр сектордан қоғамдық бақылау кеңесі мүшелері сайланған. Әр сектордың белсенді кеңес мүшелері апта сайын әкімдік басшыларымен кездесіп, талап тілектердің орындалу барысын бақылайды.
Тұрғындардың талап тілектері бойынша атқарылатын ауқымды жұмыстарға қалалық бюджеттен қосымша 3,5 млрд тенге бөлу қарастырылуда. Қаражат бөлу ұсынысы қалалық мәслихат депутаттарының қарауына жіберілген.
Сенаторлармен кездесуге келген аудан белсенділері ұлттық тәрбие, идеология, жастарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша сауалдар қойып пікір алмасты.
Сенаторлар өз кезегінде мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс екенін, тұрғындармен санасып,тікелей қарым қатынас жасаудағы өңірдегі дербес қадамды оң бағалады. Сонда ғана халық пен билік арасында алшақтық болмайтынын атап өтті. Сенаторлар тұрғындар сауалына жауап беріп, айтылған ұсыныс пікірлер депутаттық бақылауға алынатынын жеткізді.
25 наурыз Сенаторлар Айгүл Қапбарова және Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы Алтынтөбе тұрғын алабы халқымен кездесті. Депутаттар тұрғындарды жаңа реформаларға қатысты қабылданып жатқан заң жобалары жөнінде мәлімдеме жасап, пікір алмасты. Алтынтөбе тұрғындары депутаттарға шешімін күткен өзекті мәселелер бойынша өтініш тілектерін жеткізді. Олар атап айтқанда, ескірген электр желілерін ауыстыру, газдандыру жобасына енбей қалған тұрғын үйлерді газбен қамту, жарықтандыру, суармалы жерлерге ағын су жеткізу, жер телімдері мен тұрғын үйлер құжаттарын рәсімдеуге көмектесуін сұрады. Алтынтөбе елдімекен тұрғындарының негізгі айналысатын кәсібі - жылыжай өндірісі, ауыл шаруашылығы. Тұрғындар депутаттармен бірге алапта бау шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймасын салуға қолайлы жағдай туғызу мәселелерін талқылады.
Тұрғындар сенаторларға газ құбырын үйіне дейін тарту жұмыстарының бағасы тым қымбат екеніне наразылығын жеткізді. Сенаторлар өз кезегінде тиісті құзырлы орган басшылары мен аймақтық Казтрансгаз компаниясының өкілдеріне тұрғындар мәселесін жедел және оңды шешуге тапсырма берді.
Сол күні Сенаторлар А.Қапбарова және Н.Бекназаров Шымкент қаласындағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жұмысымен танысты. Республикада көз жанарынан айырылған жандарға арналған 17 кітапхана бар, соның ішінде соңғы үлгіде жаңғыртылған жалғыз мекеме – Шымкенттегі зағиптар мекемесі. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 14 мыңнан астам зағип жандарға қызмет көрсететін кітапхана таяуда жаңадан модернизациядан өткен. Орталыққа келушілерге креативті оқу бұрыштары қойылған және электронды кітап каталогтарымен танысуға мүмкіндік бар. Заманауи техникалармен жабдықталып, конференция залы мен интернетпен қамтылған. Кітапханада аудио және әдебиеттерді дыбыстау студиялары жұмыс істейді. Кітап қоры жеткілікті.
Депутаттар кітапханада зағиптар қоғамдастығының 85 жылдығына арналған Наурыз мерекесі шарасына қатысып, қауымдастық мүшелерін айтулы датамен құттықтап, пікір алмасты. Кітапхана келушілердің талап тілектерін тыңдады. Өтініш айтушылар мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасу қиындығына тоқталды.
Сенаторлар өз кезегінде Парламентте мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы әзірленіп жатқанын хабардар етті.