Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Діни экстремизмге қарсы тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауал

18.02.2022 0

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі 

Ә.А.СМАЙЫЛОВҚА 

 

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Бейбіт шерумен басталған кешегі қаңтар оқиғасында барлық іс-қимылдары бір орталықтан үйлестірілген діни радикалдар мен қылмыстық топтар автомобиль газы бағасының көтерілуіне байланысты бірқатар өңірдегі халықтың наразылығын сылтау ретінде пайдаланып, арты ел тыныштығын бұзған үлкен қақтығысқа алып келді.

Осындай қысылтаяң шақта, Президентіміз Қ.К. Тоқаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, уақтылы әрі батыл стратегиялық шешім қабылдауы арқасында еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігі сақталып қалды.

Бұл ретте, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет Басшысы: «Олардың басты мақсаты: конституциялық құрылысқа нұқсан келтіру, басқару институтын бүлдіру, билікті басып алу болғаны анықталды», - деп бағасын берген болатын.

Соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында әлі де болса шешімін таппаған мәселелердің бірі болып тұрғандығы жиі айтылуда. Қазіргі кезде Қазақстанда діни экстремизм мен терроризм мәселесі өзекті әрі өткір екені жасырын емес.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда елдегі діни бірлестіктер саны да едәуір өскендігі байқалады. Ресми мәліметтер бойынша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми ақпараттарына сәйкес 18 конфессияға тиесілі    3834 діни бірлестіктер жұмыс істеуде.

Ресми тіркелген діни бірлестіктермен қатар деструктивті немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың да етек жайып келе жатқаны, саяси сахнада өз орындарын алуға әрекеттеніп жатқаны да жасырын емес (Мысал: әлемдік деңгейде алып қарастыратын болсақ, «Талибан» радикал қозғалысының (Қазақстан мен басқа да елдерде террор тобы деп танылған ұйым) Ауғанстан билігіне келуі.).

Осы тұста, деструктивті діни ағымдар дегеніміз кімдер? Мақсаты не?  деген сұрақтарға тоқтала кетсек!

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.

Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың/топтардың мүшелері діни сауаты мен әлеуметтік тұрмысы төмен жастарымызды өз қармақтарына түсіру мақсатында, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діні мен салт-дәстүріне күдік келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратумен айналысқаны белгілі болып отыр. Бұл өз кезегінде, діннің біріктіруші фактор болудың орнына, керісінше, жік-жікке бөлінуге, тіпті араздыққа жол беруіне әкеп соғып отыр.

Мәшһүр Жүсіп: «Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар да, мұрты жоқ,

Теке сақал, қырма мұрт,

Елдің түбіне сол жетер» - деп қазіргі салафиттердің портретін сол кезде керемет суреттеп берген екен.

Деструктивті және радикалды діни ағымдар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ:

-  Қоғамдағы ауыз біршілікті жою;

-  Әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату;

-  Сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiру;

-  Елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

«Бұлардың түпкі негізі бір, мақсаты ортақ: халифат құру, халифатта өмір сүру. Сәйкесінше олар еліміздің контитуциясын, құрылымын, заңнамасын, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін мойындамайды», - деп әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов ютуб арнасында Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында осыны тағы дәлелдеп береді. 

Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. 

Халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр. Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда.

Қазақстан Республикасының «Е-GOV» мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат көрсету орталығының ресми ақпаратына сәйкес бүгінгі күні ел аумағында қызметіне тиым салынған 22 экстремистік ұйымдар бар.

Десекте, БАҚ таратқан ақпараттарына сәйкес, осы күні  елімізде қызметіне тиым салынса да әлі күнге белсенді әрекет жасап жүрген деструктивті діни ағымдар жетерлік. Мысалы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының соңғы мәліметі бойынша «Қаңтар оқиғасына» қатысты деген күдікпен қамауға алынғандардың арасында «Йакын Инкар» (2018 жылы тыйым салынған) радикалды тобының мүшелері бар, олардан қару-жарақ пен діни жазба әдебиеттері тәркіленгендігін де таратқан.

Осы және бұдан да басқа деструктивті діни ағымдарды ұстанушы азаматтардың саны өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл санап өсіп келе жатқаны байқалуда. 2019 жылы Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин өз сөзінде Қазақстандағы деструктивті ағымды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеді. Осы тұста, бұлардың саны неге көбейіп жатыр деген сұрақ туындайды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға мемлекеттік бюджеттен 270 млрд теңге бөлінгенін, алайда оның 4% ғана профилактикалық шараларға жұмсалғанын жоғарыда көрсетілген өз сұхбатында Т. Жақиянов атап өткен болатын. Осы бағдарламаның өз нәтижесін тиісті дәрежеде бермегенін, діни салаға жүйелі өзгерістердің қажеттілігін «Қайғылы қаңтар» оқиғасы көрсетіп отыр. Тиісті уәкілетті органдармен бұл мәселеге қатысты әлі күнге дейін баға да берілмеді.

11 қаңтар күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде діни экстремизмге қарсы күрес бойынша жүйелі шаралар кешенін іске асыру қажеттігі туралы мәлімдеген болатын. 

Осы және болған оқиғаларды саралай келе төмендегідей жұмыстарды атқару ұсынылады: 

  1. Діни ахуалды терең зерделеп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама дайындау;
  2. Өңірлер бөлінісінде Қазақстанның діни ахуал картасын әзірлеу;
  3. Дін саласы бойынша зерттеу, мониторинг және сараптама жүргізетін республикалық зерттеу орталығын құру, оны тиісті білімі бар кәсіби, білікті мамандармен жасақтау;
  4. Орталықтан басқару және үйлестіру арқылы тиісті әдістемелік, ақпараттық, қаржылық қолдау көрсете отырып, өңірлердегі ақпараттық насихат топтарының қызметін жетілдіру және күшейту;

    Сонымен қатар, еліміздегі қалыптасқан дәстүрлі діни конфессия өкілдерімен бірлесе отырып:

    - діни бағытта мамандар даярлайтын орталықтар мен жоғары оқу орындарының сапасын арттыру және осы бағыттағы жұмысқа практикалық тұрғыдан жетілген, отандық және шетелдік ғылыми дәрежелері бар мамандарды, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін тарту;

    - Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан имамдар қауымдастығының білім деңгейін арттырып, сапасын жақсарту туралы              іс-шараларды жүргізу қажет деп есептейміз.

  5. Дін саласы бойынша  мемлекеттік ұйымдардағы дінтанушы, теолог мамандардың  әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін қарастыру.

 «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының           27-бабына сәйкес заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша түрде жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

 

 

Құрметпен,                                    

 

                                                                                  C.М. ДҮЙСЕМБИНОВ

                                                                                      О.А. БУЛАВКИНА

                                                                                      М.С. ЖҰМАҒАЗИЕВ

                                                                                      Д.М. МУСИН

                                                                                      Ә.Т. НҰРАЛИЕВ                                                                                          

Бөлісу