Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Новости

Өнеркәсіптік қалдықтар мен тұтыну қалдықтарын басқару жөнінде кешенді шаралар қабылдау туралы депутаттық сауал

22.04.2022 0

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА

 

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 10-шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында бір жыл бұрын бейберекет үйілген қоқыс орындарына қатысты жүйелі шаралар қабылдау жөнінде тапсырма бергенін, алайда, бұл мәселе әлі шешімін таппай отырғанын атап өтіп, Үкіметке рұқсатсыз қоқыс алаңдарын жою шараларын жүзеге асыруды міндеттеді. 

Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында коммуналдық қалдықтарды басқару және өңдеу мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Олардың пайда болу көлемі жыл сайын өсіп келеді, ал қалдықтарды басқару жүйесі жоқ, бұл елді мекендердің тұрақты дамуына кедергі келтіреді және халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді.

Коммуналдық қалдықтар бойынша қазіргі жағдайды талдау өңірлерде оларды басқарудың қандай да бір жүйелі және кешенді тәсілі жоқ екенін көрсетті.

2021 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті өткізген «Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы проблемалық мәселелер туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстел материалдары үшін ұсынылған Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (бұдан әрі – ЭГТРМ) анықтамасында, өңірлердегі қатты тұрмыстық қалдық полигондарының қазіргі жағдайы экологиямызға айтарлықтай кері әсерін тигізіп, жер асты суларының ластануына, жаңа стихиялық қоқыстардың пайда болуына әкеліп, халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіріп және қайта өңделетін ресурстардың өңделмеуі себебінен табыс табу мүмкіндігінен қағылып отырғандығымыз айтылған.

Мемлекеттік статистикалық есептіліктің деректері жергілікті жерлерде ашық есепке алу мен бақылаудың болмауына байланысты анық емес және қарама-қайшылыққа толы, сондықтан жергілікті жерлердің нақты жағдайын көрсете алмайды. Мысалы, статистика деректері бойынша Алматы қаласының халқы 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін 16,1%-ға ұлғайды, ал тұрмыстық шаруашылықтарынан жиналған және әкетілген қалдықтар көлемі 14,5%-ға азайды, бұл заңдылыққа қайшы келеді және есептіліктің төмен деңгейімен түсіндіріледі. Қалдықтар бойынша мемлекеттік есептіліктің статистикалық деректерін талдаумен ешкім айналыспайды. Қалдықтарды жинау, шығару және көму процесі нақты реттелмеген, ал қалдықтардың көлемі әрбір сатыда 90% жағдайда «көз мөлшерімен» анықталады.

Экологтардың мәліметінше, жыл сайын шамамен 4,5-5 млн. тонна қалдық жиналады, оның тек 1 млн. тоннасы ғана сұрыпталады, қайта өңделетін қалдықтар бар болғаны шамамен 13-15 мың тоннаны ғана құрайды.

Сонымен қатар, елімізде шамамен 31,6 млрд. тонна өнеркәсіптік қалдықтар жинақталған және де жыл сайын шамамен 1 млрд. тонна түзіледі. Бұл негізінен техногендік-минералды түзілімдер, оның ішінде аршылған жыныс пен күл шлактары (жалпы көлемнің 70%), өңдеу өнеркәсібінің қалдықтары (жалпы көлемнің 10%) және т.б. қызметтер (20%). 

Өнеркәсіптік қатты қалдықтарды кәдеге жарату проблемасы қазіргі уақытта қалдықтардың пайда болу көлемінің үнемі өсіп келе жатқандығына байланысты өткір сипатқа ие болуда, ал оларды өңдеу қарқыны салыстыруға келмейді. Қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру деңгейі де өте төмен.

2021 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясының нақты көлемі: шығарындылар – 2,4 млн. тоннаны (2020 ж. - 2,57 млн. т.), төгінділер – 1,0 млн. тоннаны (2020 ж. - 1,1 млн. т.) құрады.

Алматыда 2020 жылы 414 734 тонна коммуналдық қалдықтар жиналды.

Алматы агломерациясының аумағында қалдықтардың, оның ішінде биологиялық ыдырайтын қалдықтардың мөлшері үнемі өсіп отырады, бұл өз кезегінде парниктік газдар шығарындылары, топырақ пен судың ластануы түріндегі қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. 2019 жылы агломерация аумағында шамамен 650 мың тонна түзілсе, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жылына 920 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Оларды өңдеу нәтижелері қалалық, коммуналдық және ауыл шаруашылығы секторларында, сондай-ақ басқа тұтынушылар арасында да сұранысқа ие компосттар, қара топырақ, органикалық тыңайтқыштар, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге арналған материалдар түріндегі өнімдер болғанымен, бүгінгі күнге дейін қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым жасалмаған.

Биокомпостты қолдану топырақ құрылымын, ауа өткізгіштігін, ылғал сыйымдылығын, топырақтың кеуектілігін жақсартады. Топырақты пайдалы заттармен қанықтыру минералды тыңайтқыштарды қолдану қажеттілігін жояды, экологиялық таза өнім өндіруге ықпал етеді, микробиологиялық белсенділікті жақсартады, ластанған топырақты жақсартады.

Бүгінгі күні қалдықтармен жұмыс істеу процесінің барлық қатысушылары: қоқыс шығарушы компаниялар, қалдықтарды сұрыптаумен, оларды қайта өңдеумен айналысатын, полигондарды пайдаланатын компаниялар (ал 99% - бұл полигондар деп аталатын қоқыс алаңдары), жергілікті атқарушы орган әрқайсысы өз бетінше жұмыс істейді. Нақты құқықтық механизм болмағандықтан, олардың арасында өзара іс-қимыл жоқ, өзара әрекеттесу жүйесі жоқ, қалдықтарды басқару мен қозғалысын толық коммерциялық (нақты) есепке алу және бақылау жоқ. Жергілікті жерлерде бизнеске толыққанды бәсекелестік орта үшін жағдайлар жасалмаған, коммуналдық қалдықтарды басқарудың нақты ережелері жоқ. Алайда, қалдықтарды жинау, әкету және көму бойынша көрсетілген қызметтерге тарифтер тұрғындардан да, заңды тұлғалардан да жиналуда. Ал қалдықтардың қозғалысын коммерциялық есепке алу және бақылау тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифті есептеу үшін қолданылуы тиіс.

ЭГТРМ ақпараты бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу 2016 жылғы 2,6%-дан 2020 жылы 18,6%-ға өскен. Әлемдік деңгейде бұл өте аз көрсеткіш болып есептеледі және бұған өзіндік себептер де бар. Қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жақсы табыс табуға мүмкіндік бермей отыр, сол себепті кәсіпкерлер бұл салаға қызығушылық танытпайды. Әлемдік тәжірибе бойынша тарифтың жалпы сомасының 45-50%-н қоқыс өңдейтін зауыт, шамамен 40%-н қоқыс тасымалдаушы компаниялар, 10%-н полигондар алады. Ал, Қазақстанда басқаша: тарифтың 65%-ы қоқыс тасымалдаушы ұйымға, шамамен 17%-ы қоқыс өңдеуші зауытқа, 18%-ы полигонға тиесілі. Сондай-ақ, қалдықтардың шағын көлемі, елді мекендер арасындағы айтарлықтай қашықтық өңделген өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай арттырады. Сол себепті, Қазақстанда бұл сала жүйелі және кешенді тәсіл мен бизнесті мемлекеттік қолдау болған жағдайда ғана жұмыс істей алады.

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (351-бап) қалдықтардың кейбір түрлерін көмуге тыйым салуы, коммуналдық қалдықтарды коммерциялық есепке алуды және олардың қозғалысын бақылауды ұйымдастыруды қоса алғанда, тиісті инфрақұрылым мен басқару жүйелерін құруға қатысты басқа да нормативтік актілермен бекітілмеген.

ЭГТРМ дайындаған коммуналдық қалдықтарды басқару қағидалары локальді және тиімсіз шешімдерді ұсынатындықтан, оларды басқарудың толыққанды жүйесін құруға оң ықпал ете алмай отыр.

Экологиялық кодекстің 365-бабына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу ұйымдастыру аудандық, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзырына жатқызылған. Алайда, осы бағдарламаны әзірлеу бойынша ережелер мен түсіндірмелер жоқ.

Салалық мамандардың пікірінше, қалдықтарды басқару бойынша облыс деңгейінде арнаулы бағдарлама, оның негізінде  әрбір әкімшілік-аумақтық бірлік өз бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұндай шара қалдықтармен жұмыс істеу үшін, ықтимал тарифтен тыс шықпай-ақ, инфрақұрылым объектілерін ұтымды орналастыруға мүмкіндік береді.

Бұл тәсілдің орындылығын Алматы облысының әкімдігі әзірлеген тұтыну қалдықтарын басқарудың өңірлік жүйесін құрудың техникалық экономикалық негіздемесі көрсетті, онда проблемалар анықталды және оларды жүйелі және кешенді тәсілдер негізінде шешу жолдары негізделген.

Мәселен, үздік әлемдік тәжірибені қолдана отырып, облыстың барлық аумағы (740 елді мекен) 14 аумақтық кешенге бөлінді. Аумақтық кешендердің шекараларын анықтау критерийлері заңнама талаптарына сәйкес келетін халықтан қалдықтарды жинау және әкету тарифтеріне негізделді. Сонымен қатар, халықты 100% қамту үшін 2025 жылға дейін қалдықтарды кезең-кезеңімен шығару белгіленді. Ол үшін талаптарға сәйкес келмейтін қолданыстағы 354 қоқыс орындары мен 12 полигондардың орнына, заңнама талаптарына сәйкес келетін 16 заманауи полигондар орналастыру ұсынылды. Бұндай шара, тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін тарифтердің ашықтығын қамтамасыз етуімен қатар, салаға шағын және орта бизнесті тартуға жағдай жасайтыны белгілі болды.

Алайда, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде қажетті құқықтық тетіктердің болмауына байланысты дайын жоба іске аспай қалды, тұтыну қалдықтарын басқару жүйесінің моделін жасау үшін Алматы облысын пилоттық жоба ретінде анықтауды көздеген 2017 жылдың 12 тамызында қол қойылған көпжақты Меморандум қағаз жүзінде ғана қалып қойды.

Бүгінгі таңда еліміздегі қомақты бюджет қаражатының басым көпшілігі қоқыс алаңдарын жоюға жұмсалуда, ал әлемдік тәжірибеде – бұл сала экономикаға шығын емес, кіріс әкелетін секторлардың бірі екені белгілі.

Мысалы, Алматы облысының жобасында заңсыз қоқыс алаңдарын жоюға шығындар 14 млрд. теңге (2017 жылғы бағамен) деп белгіленген. Ақтөбе қаласының екі заңсыз қоқыс алаңдарын жоюға 2020 жылдың аяғында 234 млн. теңге мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланған. Әкімдік үшін - бұл бюджеттен жұмсалатын бір жолғы шығындар, олар пайда әкелмейді, бірақ экологияны жақсартады (егер осы үйінділерді рекультивациялау ережелері сақталса). Тұтыну қалдықтарының қозғалысын есепке алмай және бақыламай, қоқыс алаңдарының пайда болу процесін тоқтату мүмкін болмайды. Бюджеттік қаражатты айналым экономикасының кіріс әкелетін толыққанды секторын құра отырып, қалдықтарды басқарудың Өңірлік жүйесін құруға бағыттау арқылы тиімдірек пайдалану дұрыс болар еді.

Коммуналдық қалдықтарды жүйелі және кешенді басқарудың өңірлік жүйесін құру саладағы мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізеді деген ойдамыз және де осыған байланысты келесілер ұсынылады:

  1. өнеркәсіптік қалдықтар мен тұтыну қалдықтарын басқару жөнінде кешенді шаралар қабылдау, оларды іске асыру үшін қаржыландыру көздерін айқындау, тиісті нормативтік құқықтық актілер мен салалық бағдарлама әзірлеу;
  2. коммуналдық қалдықтар бойынша мемлекеттік есептілікке талдау жүргізу және оның сапасын арттыру шараларын әзірлеу;
  3. коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеудің Өңірлік жүйесін құру, қаржыландыру көздерін айқындау және оны іске асырудың ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету. Бұл ретте, Алматы облысын пилоттық жоба ретінде белгілеу мәселесін қарастыру;
  4. Дүниежүзілік банк ұсынатын «Алматы агломерациясының коммуналдық қалдықтарын басқарудың кешенді цифрлық SMART-жүйесі» жобасын іске асыруға қолдау көрсету.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша түрде жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

 

 

Құрметпен,                                    

 

                                                                                                                                                                                                                                C.М. ДҮЙСЕМБИНОВ

Бөлісу