Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б.К. Байахметов (бастамашы), Н.Н. Нұрсипатов, Д.М. Мусиннің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А. Смайыловқа жіберілген Семей қаласының ЖЭО-3 құрылысы туралы депутаттық сауалы, 20 қазан 2022 ж.

20.10.2022 0

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА

 

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылғы 30 қыркүйегінде Абай облысына жұмыс сапары барысында жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Семей қаласындағы инфрақұрылымының тозу мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, заманауи жылу электр орталығын (бұдан әрі – ЖЭО) салу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Еш күмәнсіз, Абай облысының Семей қаласындағы жылумен жабдықтау мәселесі проблемалы әрі жедел шешімді талап ететін салалардың бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің хаттамалық тапсырмалары негізінде (2012 жылғы 19 шілдедегі № 11-5/07-30 және 2014 жылғы 16 қыркүйектегі № 41) «Самұрық-Энерго» АҚ «Семей қаласында ЖЭО-3 құрылысы» жобасының техникалық – экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – ТЭН) әзірледі (2015 жылғы 13 мамырдағы
№ 01-0233/15 сараптаманың қорытындысы
). Жобаның құны
163,5 млрд. теңгені құрады (2015 жылғы бағаларына сәйкес). Бірақ сараптама қорытындысының  мерзімі 2018 жылы өтіп кеткен.

Бұл жобаны іске асыру жылу жүктемелерінің өсуін жабу, қаланың келешек дамуына және тиімділігі мен сенімділігі төмен, қаланың экологиялық жағдайына теріс әсер ететін 14 моральді ескіріп тозған қазандықтарды ауыстыру жөніндегі мәселелерді шешу мақсатында жоспарланған.

Осыған қоса, 2018 жылы «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығы» АҚ «Семей қаласын жылумен жабдықтау жүйесіне инвестицияларының негіздемесін» әзірледі.

Қолданыстағы жылу желілері жүйесін негіздеу шеңберінде келесі нұсқалар қарастырылды:

бірінші нұсқа – Семей қаласының оң және сол жағалуында орналасқан қолданыстағы қазандықтары кеңейту арқылы қолданымдағы жылумен жабдықтау жүйесін сақтап қалу;

екінші нұсқа – оң жағалаудағы қазандықты ЖЭО-3-ке ауыстыра отырып, жылумен жабдықтау жүйесін сақтау.

2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 06-0151/18 «Семей қаласының жылумен жабдықтау жүйесіне тартылған инвестицияларды негіздеу» қорытындысына сәйкес, екінші нұсқа перспективалы болып саналады.

Соған қарамастан, жобаның ТЭН өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған жоқ.

Семей қаласы тұрғындарының ұжымдық шағымын жан-жақты қарастыру және қаланы жылумен қамту мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы  № 67 бұйрығымен Семей қаласын жылумен қамту бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдері кірді.

2022 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы А.М.Шаңғытбаевтың төрағалығымен жұмыс тобының алғашқы және соңғы отырысы өтті.

Отырыстың қорытындысы бойынша Семей қаласының әкімдігіне «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынымен (бұдан әрі – МҚК) бірлесе отырып, техникалық жағдайы туралы анықтамалық материалдарды, жылу желілері мен жылу көздерінің схемасын, бұрын әзірленген техникалық-экономикалық негіздемесін, мамандандырылған ұйымдар өткізген аудиттің қорытындыларын ұсынуы сұралды. Қажетті құжаттар бір апта ішінде тапсырылды.

Бірақ, бұл мәселе бойынша одан әрі талқылаулар орын алған жоқ.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
Р.В. Склярдың төрағалығымен өткен 2022 жылдың 11 шілдедегі Абай облысының проблемалық мәселелері жөніндегі кеңестің №11-04/05-3288 Хаттамасына сәйкес, осы Хаттаманың 4-тармағына қатысты Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ-мен (келісім бойынша), Қаржы министрлігі және Абай облысы әкімдігімен бірлесіп келесі шаралар тапсырылды:

1. «Семей қаласында ЖЭО-3 салу» бойынша жұмыс тобының құрамын өзектендіру (22.02.2022 ж. № 67 ҚР Энергетика Министрінің бұйрығы) және жақын арада «Семей қаласында ЖЭО-3 салу» жобасын пысықтау үшін жұмыс тобының отырысын өткізу;

2. 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде Абай облысындағы жылумен жабдықтау объектілерін қаржыландыру мәселелерін жандандыру;

3. Шүлбі ГЭС контр-реттеуішін, «Ұшақтар» қосалқы станциясын және Шүлбі ГЭС-нен «Семей 500 кВ» қосалқы станциясына дейін 220 кВ электр беру желілерін салу жобаларын қаржыландыру жөніндегі ұсынысты зерделеу және енгізу.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2022 жылғы
27 қыркүйектегі берілген жауабына сәйкес, «қазіргі уақытта ТЭН әзірлеу құнын  айқындау бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізілуде», бірақ егер оны салудың жалпы тұжырымдамасы күні бүгінге дейін анықталмаса, бұл қалай жүзеге асырылуы мүмкін, осы түсініксіз.

Қазіргі жағдайға сәйкес мәліметке сүйенсек, Семей қаласының оң жағалаудағы жылу көздерінің қолданыстағы жылу қуаты 345,8 Гкал/сағ құрайды, шығынмен қосылған қуаты 452,6 Гкал/сағ, ал қуаттылық тапшылығы 106,8 Гкал/сағ құрайды.

Өткізіліп жатқан оң жағалаудағы  қазандықтардың жылу көздерін қайта құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар 4 жылға қолайлы бюджеттік қаржыландыру арқылы қазір орын алып жатқан жылу тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, бірақ бұл жеке инвесторлардың жаңарту бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша ШОБ нысандарын кеңейту үшін қаланың оң жағалауын дамытуға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, қала экологиясының мәселелерін де ескеру қажет.

Оң жағалаудағы 13 қазандықтан шығарылатын зиянды заттардың жалпы көлемі жылына 6,3 мың тоннаны құрайды.

2021 жылы шекті рұқсат етілген шығарындыларды асырғаны үшін «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға (бұдан әрі – МҚК) 21,3 млн теңге көлемінде, 2022 жылы 44,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жағдай жабдықтардың тозуы мен жұмыс жасайтын қазандықтардың қол жетімді қуатының төмендігімен байланысты.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жоспары бойынша 2023-2024 жылдары өңірлерді жылу және электр энергиясымен
100% қамтамасыз етілетіні атап өткен.

Бұл ретте назар аударатын жағдай, республикалық бюджет қаражаты есебінен жобалар саны 2021 жылы 11-ден 2023 жылы 5 жобаға дейін
(2024 жылы 1 жобаға дейін) қысқарған, қаржыландыру көлемі 2023 жылы
3,6 есеге азайғаны көрінеді.

Бұл қысқарту жылу энергетикасы жүйесінің өте нашар жай-күйі аясында қисынсыз әрі барлық тәуекелдерді қосымша пысықтауды талап етеді, бұл қазандық агрегаттары мен турбиналардың 17-ден 60% - на дейін өндіруші зауыттар белгілеген ресурстарын ұзартумен пайдаланылатындығына қарамастан.

Жылу электр стансасының құрылысын электр желілерін дамыту және қайта құрумен кешенді түрде шешу қажеттілігін ескеру маңызды.

ЖЭО тиімді жұмыс істеуі үшін жоба қуаттылығы 300 МВт-қа дейінгі электр энергиясын өндіретін генераторды орнату қажет. Одан өндірілген электр энергиясын қолданыстағы электр желілері арқылы тасымалдау іс жүзінде мүмкін емес болып тұр. Статистикалық деректерге сәйкес Абай облысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 271 км құрайды, жалпы тозу көрсеткіші 65% құрайды - бұл ең жоғары көрсеткіш. (Республика бойынша орташа көрсеткіш 57% құрайды).

Осы жағдай жылу беру кезеңінде жылу қуатының тапшылығы қаупіне және авариялық жағдайларға себеп болатын жұмыста технологиялық бұзушылықтардың туындауына әкеліп соғады.

Жылу және электр энергетикасы саласындағы бақылау-реттеу функцияларын үш Мемлекеттік орган (Энергетика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрлігі) мен квазимемлекеттік секторлар («Самұрық – Қазына» ҰӘҚ «Самұрық-Энерго» АҚ, «Кегок» АҚ арқылы) арасында заңсыз бөлшектеу байқалады, бұл жағдай жылу және электр энергетикасы саласындағы бақылау-реттеу функцияларын бірыңғай тарифтік саясат мәселелері бойынша тиімді үйлестіруді қиындатады.

Қолданыстағы технологиялық проблемаларды ескере отырып, техникалық-экономикалық негіздемені түзету және жобалық-сметалық құжаттаманы одан әрі сапалы әзірлеу үшін бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру мақсатында келесі шешімдер ұсынылады:

1. Жылу энергетикалық жүйені реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органға орталықтандыру мүмкіндігін қарастыру;

2. Тозу көрсеткіштерін қысқарту және тасымалдау мүмкіндігін кеңейту мақсатында жылу және электр энергетикасы объектілерін реконструкциялау және жаңғырту жөнінде шаралар кешенін қабылдау;

3. Жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттарын енгізе отырып, Семей қаласының ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс тобының құрамын жаңарту (22.02.22 ж. № 67 ҚР Энергетика Министрінің бұйрығы);

4. ЖЭО-3 салу немесе Семей қаласының оң жағалауына, қолданыстағы РК-1 жылу көзін кеңейтіп, жеткілікті жылу энергиясын беру бойынша жұмыс тобына оңтайлы шараларды анықтау.

  «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының
27-бабына сәйкес, Сізден осы депутаттық сауалға заңда көзделген мерзімде қарау жөнінде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

 

Құрметпен,

                                                                                           Б. БАЙАХМЕТОВ

 

                                                                                           Н. НҰРСИПАТОВ

 

                                                                                                         Д. МУСИН

Бөлісу