Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Бибігүл Жексенбай, «e-Maslikhat» цифрлық платформасы бойынша жұмыс отырысын өткізді

13.02.2026 96

Сенатордың баяндамасынан:

«Өкілді органдардың қызметін цифрландыру – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі. Бұл бағыттағы негізгі қағидаттар 2023 жылғы 23 тамызда бекітілген өкілді органдар қызметін цифрландыру тұжырымдамасында айқындалған.

2024 жылы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 16-бағыты шеңберінде, Парламенті Сенаты жанындағы MIND жобасы аясында «Тиімді мәслихат» кешенді жобасы іске асырылды. Жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізілді:

• заңнамалық базаны жетілдіру;

• мәслихаттар қызметін цифрландыру;

• депутаттардың біліктілігін арттыру.

Жүргізілген талдау жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда:

• мәслихаттардың қызметін толық автоматтандыратын және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияны қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық платформа жоқ;

• өзара іс-қимылдың цифрлық архитектурасында алшақтық сақталып отыр: депутаттық сауалдар мен азаматтардың өтініштері e-Otinish арқылы өтеді, бірақ өкілді органның институционалдық мәртебесі нақты ажыратылмаған;

• мәслихаттар қызметін автоматтандыруға арналған бекітілген техникалық тапсырма жоқ, ал Парламентті цифрландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде;

• өзге де бірқатар мәселелер бар.

Осы талдау қорытындысы бойынша мәслихаттар қызметіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, процестерді автоматтандыруға, ашықтықты арттыруға және институционалдық жадыны қалыптастыруға бағытталған бірыңғай ақпараттық кеңістік ретінде e-Maslikhat цифрлық платформасының тұжырымдамалық моделі ұсынылды.

Бұл ұсыныстар Сенаттың пленарлық отырысында жарияланып, депутаттық сауалдар арқылы Үкіметке жолданды. Үкіметтің жауабында аталған функционалды e-Parlament ақпараттық жүйесі шеңберінде, процестерді алдын ала реинжиниринг жүргізу арқылы іске асыру мүмкіндігі қарастырылатыны көрсетілген.

2025 жылы дайындалған салыстырмалы кесте мәслихаттарды цифрландыруға қатысты нормалармен толықтырылып, одан әрі талқылау және заңнамалық өзгерістер енгізу үшін Мәжілістің бейінді жұмыс тобына жолданды.

Осылайша, мәслихаттарды цифрландыру мәселесі аналитикалық пысықтау, нормативтік бастама және ведомствоаралық келісу кезеңдерінің бір бөлігінен өтті. Біз процестерді оңтайландыру қажеттігін қолдаймыз. Алайда мәслихаттардың жергілікті өкілді орган ретіндегі ерекшелігін ескере отырып, олардың цифрландыруының функционалдық дербестігі мен архитектуралық тұтастығын қамтамасыз ету қағидатты маңызды.

Бүгінгі кездесу мәселені қайта көтеруге емес, нақты шешімдерді, іске асыру кезеңдерін, жауапты тараптарды және мониторинг тетіктерін келісуге бағытталуы тиіс.

Біздің ортақ міндетіміз – Мемлекет басшысының мәслихаттар қызметінің ашықтығын, тиімділігін және қоғам сенімін арттыру жөніндегі тапсырмаларын практикалық тұрғыдан іске асыру.»

 

Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі Өкілдігінен, Қазақстан Республикасы Үкімет Аппараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінен, «Логистика және техникалық қамтамасыз ету департаменті» ММ, «Логистика және техникалық қамтамасыз ету департаментінің Инженерлік орталығы» ШЖҚЖҚ және Парламент Сенаты жанындағы MIND жобалық кеңсесінің өкілдері қатысты.

Бөлісу