Бибігүл Жексенбай ғылым мен инновацияның басымдығын конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығын «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ұжымымен бірге талқылады
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай «Қазатомөнеркәсіп» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Пікірлесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және оның елімізді әлеуметтік-экономикалық дамытудағы маңызы түсіндірілді.
Сенатор кездесуді аша келіп, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі компанияның стратегиялық рөлін атап өтті.
Бибігүл Жексенбай өз сөзінде жаңа Конституция жобасында ғылымды, инновацияны және технологиялық жаңғыртуды дамытуға ерекше назар аударылғанын жеткізді.
«Ғылым мен инновацияның басымдығын конституциялық деңгейде бекіту өндірісті жаңғырту, цифрлық технологияны енгізу және отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қосымша құқықтық кепілдіктер жасайды», - деп атап өтті сенатор.
Кездесу барысында сондай-ақ еңбектің конституциялық түрде қорғалуы, цифрлық ортаны дамыту және бизнестің экологиялық жауапкершілігі мәселелері қозғалды. Депутаттың айтуынша, жаңа конституциялық ережелер ұзақ мерзімді индустриялық жобаларды іске асыруда тұрақты және болжамды құқықтық негіз қалыптастырады.
Кәсіпорын қызметкерлері талқылау аясында әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру келешегіне қатысты сұрақтар қойды.