Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін талқылады

16.02.2024 277

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен, құрылымдық бөлімдердің басшылары және өңірлердің өкілдерімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының сарапшыларымен кездесті. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауындағы аграрлық сала реформаларын іске асыру мәселесін талқылады.

Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев кездесуді аша келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетін қаржы, жеңілдетілген несиелерді ұлғайту, техниканы жаңарту және басқа да бірқатар маңызды шараларға назар аударғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін ауқымды реформалау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осы саладағы проблемаларды шешу үшін жыл сайын кем дегенде 450 миллиард теңге жеңілдікті лизинг бөлу, ауыл шаруашылығы техникасын 10 пайыз жаңарту, көктемгі дала жұмыстарымен күзгі алымға жеңілдікті несиелерді 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайту және агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнім үлесін үш жылда 70 пайызға жеткізу туралы айтылды. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту экономиканы әртараптандыруға, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Әли Бектаев.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз кезегінде саланың дамуын тежейтін негізгі факторлар туралы айтты және Мемлекет басшысы алға қойған жаңа тәсілдер мен міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына негіз болғанын атап өтті.  Өсудің негізгі факторлары айқындалды және табиғи-климаттық, өндіріс факторлары мен өнімді өткізу мүмкіндіктері ескеріле отырып, олардың әрқайсысы бойынша индикаторлар әзірленді және облыс әкімдіктеріне берілді.

Кездесуге қатысушылар бизнес жүргізу, ғылымды дамыту және АӨК-дегі кредиттік корпорацияның әлеуеті мәселелерін де талқылады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)

Бөлісу