Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Елордада суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі өтті

29.02.2024 190

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесіне барды. Мәдени іс-шара «Pygmalion» галереясының және «Asem ART» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Көрме барысында Мәулен Әшімбаев картиналардың тарихымен танысып, өнер иесімен және Қазақстан Суретшілер одағының өкілдерімен сұхбаттасты. Көрмеде Ерболат Төлепбайдың соңғы жылдардағы жұмыстарының шығармашылық тұжырымдамасын бейнелейтін картиналар көпшіліктің назарына ұсынылған.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы ұлттық бірегейлікті дәріптеу, өскелең ұрпақтың бойында адами құндылықтарды қалыптастыру, қоғамның рухани және адамгершілік негіздерін нығайту жолында қазіргі заманғы мәдениет пен өнердің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол дарынды суретші Ерболат Төлепбайдың ұлттық бейнелеу өнері мен кескіндеменің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, өзіндік ерекшелік пен сабақтастықты ұштастырған көрме ұлттық кодты сақтауда және әлемді өзге қырынан тануда айрықша рөл атқарады.

Айта кетейік, Ерболат Төлепбай елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал көрнекті қылқалам шебері. Ол талантының арқасында Мемлекеттік Сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей, Чехия, Қырғызстан елдерінің Өнер академияларының академигі атанған.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу