Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру саласындағы мәселелерді талқылады

29.02.2024 159

ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары мүдделі мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық саласындағы заңнаманы іске асыру мәселелерін талқылады.

Сенат комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов кездесуді аша келіп, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң 2023 жылғы наурыздан бастап жұмыс істеп келе жатқанын және өз қарыздары бойынша есеп айырыса алмайтын азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталғанын атап өтті. Алайда, рәсімдер барысында азаматтарға берілген мүмкіндіктерді пайдалануға кедергі келтіретін кемшіліктер бар.

«Заңда соттан тыс және сот арқылы банкрот болу, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері көзделген. Бұл үш рәсімге борышкердің өзі бастап кірісуі тиіс. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл рәсімдерде азаматтардың төлем қабілеттілігі мен банкроттығын қалпына келтіруге толық мүмкіндік бермейтін белгілі бір кемшіліктер бар. Оған несие берушілер мен коллекторлардың борышкер туралы несие бюросына берген үстірт деректері негізгі себеп болып табылады. Кредиторлар тізімінде кейбір қаржы ұйымдарының болмауы, сондай-ақ рәсімдерді қолдану туралы өтініш туралы кредиторларды хабардар ету мерзімінің тым шолақтығы да бар», - деді Сұлтанбек Мәкежанов. 

ҚР Қаржы министрлігінің өкілі Қайрат Миятов өз кезегінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері туралы айтты. Мәселен, соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша 9 841 азамат 19,8 млрд теңгеден астам борыш сомасы бойынша банкрот деп танылды, сот арқылы банкрот болу рәсімін қолдану үшін сотқа 2 мыңға жуық азамат жүгінді, ал 4 азаматқа қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылды.

Шараға сонымен қатар Әділет министрлігінің, Сот әкімшілігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сондай-ақ «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы», «Борышкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері қатысты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)

Бөлісу