Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатор Лукин: Сенат еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға көмек беруге дайын

29.02.2024 160

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде отандық әскери-өнеркәсіптік кешенді нығайту және оның даму перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді.

Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында дамыған мемлекеттерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайту мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті. Президент өз Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайту жөнінде бірқатар басым міндеттерді атап өткен болатын.

«Бүгінгі дөңгелек үстел саладағы жағдай туралы маңызды және шынайы ақпарат алуға, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ заңнамалық сипатта сындарлы ұсыныстар әзірлеуге бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында және саладағы жағдайды жақсарту үшін Сенат депутаттары Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», - деп атап өтті сенатор.

Дөңгелек үстел барысында өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Азамат Бейіспеков отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жай-күйі мен дамуы туралы баяндама жасады. Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыдықов өз кезегінде армияның қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандырылуы, қазақстандық өндірушілермен тығыз ынтымақтастық және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жеткізу ісіндегі проблемаларды шешуге дайындық туралы сенаторларға айтып берді.

Отырыста сонымен қатар «Семей инжиниринг» АҚ Бас директорының орынбасары, басқа да отандық қорғаныс өнеркәсібі ұйымдарының, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының өкілдері баяндама жасады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар саланы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіру және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)

Бөлісу