Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Тасқын су 2024: Сенаторлар жұмысты аймақтарда жалғастырды

17.04.2024 134

Сенатор Геннадий Шиповских Солтүстік Қазақстан облысындағы гуманитарлық көмек қабылдау пункттері мен эвакуация орталықтарын аралады. Депутат тасқын судан зардап шеккен облыс тұрғындарымен кездесу барысында шығынды өтеу тәртібі мен мемлекеттік қолдау көрсету туралы көптеген сұрақтарға жауап берді. Ол зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсетуге атсалысқан еріктілерге алғысын білдірді. Сондай-ақ төтенше жағдайда тиімді әрекет ету және зардап шеккендердің өмірін қалпына келтіруге көмектесу үшін барлық тараптың күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.

Депутат Нұрлан Бекенов Ақмола облысындағы Шортанды ауданы Дамса ауылындағы тасқын суға дайындық жұмысының барысымен танысты. Депутатқа бөгет күтпеген жағдайда бұзылған кезде пайдалануға болатын балама және айналма жолдар көрсетілді. Нұрлан Бекенов аудандағы жағдай тұрақты екенін, тасқын су салдарын жою жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сенаторлар Ғалиасқар Сарыбаев, Алишер Сатвалдиев және Бибигүл Жексенбай «Астана» маңындағы қарсы реттеуші су қоймасында болды. Оның міндеті ­– қаладан тасқын суды өткізу және ықтимал тасқын судан қорғау болып табылады. Су деңгейінің көтерілуі және тасқын судың қала инфрақұрылымына әсеріне байланысты қауіпке орай астаналықтардың өтініші сапарға себеп болған еді. Нысанды аралау барысында сарапшылар қазіргі уақытта елорданы су басу қаупі жоқ екенін, бұл мәселені әкімдік бақылауда ұстап отырғанын және қарсы реттеушінің бір қалыпты жұмыс істеп жатқаны туралы сенаторларға айтып берді. Депутаттар кездесу барысында төтенше жағдайға байланысты жедел әрекет ету мен мониторинг жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу