Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері туралы заңды қарады. Сонымен бірге өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Сенаторлар заңның қабылдануы мемлекеттің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатын іске асыру, сондай-ақ, бала құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру жолындағы маңызды қадам екеніне назар аударды.
Аталған заң арқылы тиісті заңнамаға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтын реттеу үшін «тәлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізіледі. Сондай-ақ тәлімгер болуға үміткер адамдардың тәлімгерлік бойынша оқытудан міндетті түрде өтуі белгіленеді және тәлімгерлік бойынша оқытуды ұйымдастыратын ұйымдардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.
Сонымен қатар заңда қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құруды, қазақ тілінің барлық стильдері мен жанрларының мәтіндерін қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын құруды, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ауқымды тіл моделін қалыптастыруды көздейтін нормалар қарастырылған.
Бұдан басқа, білім беру саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру жөніндегі құзыреті белгіленеді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, заңда дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру үшін халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне конкурстан тыс мемлекеттік білім гранттарын беру жөніндегі норма да бар.
«Қаралған заң тәлімгерлік институтының рөлін күшейтуді, сондай-ақ, білім және мәдениет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болуға ниетті адамдарды оқытатын арнайы ұйымдардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілді. Түзетулердің бір топтамасы цифрлық ортада қазақ тілінің әлеуетін одан әрі арттыруға арналған ережелерді қамтиды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жеңіске жеткен дарынды оқушыларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі қарастырылды. Мақұлданған заң тәлімгерлік институтының әлеуетін нығайтуға және тілімізді дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.
Сүйіндік Алдашев Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын қаржыландыруға қатысты проблемаларға тоқталды. Аталған мәселе Транскаспий халықаралық көлік маршрутының дамуына және еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін іске асыруға кері әсер етуі мүмкін.
Бибігүл Аққожина қазір аттестаттауға жатпайтын психолог, дефектолог және логопедтерді қоса алғанда, әлеуметтік қорғау мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтарды аттестаттау мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынды. Сенатордың айтуынша, осыған байланысты бүгінде мұндай мамандар мектептердегі мұғалімдерге қарағанда төмен жалақы алып отыр.
Амангелді Толамисов жеке орман шаруашылықтарына қатысты проблемаларға назар аударды. Жағдайды шешу үшін депутат әкімшілік кедергілерді жоюды, субсидияларды, салықтық жеңілдіктерді және экожүйелік қызметтер үшін өтемақыларды қамтитын ынталандыру жүйесін енгізуді көздейтін жеке орман шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ, басқа да шараларды ұсынды.
Евгений Больгерт сертификаттау органдары мен зертхананың қосарланған бақылауын сынға алды. Сенатордың айтуынша, бұл отандық бизнеске қауіп төндіреді. Осыған байланысты ол мемлекеттік бақылау және мониторинг жүргізу рәсімдері мен негіздерін заңнамалық тұрғыдан ажыратуды ұсынды.
Алтынбек Нухұлы әйгілі ғалым Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойын жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық деңгейде атап өту қажет екенін айтып, осы бағытта бірқатар ұсынысқа тоқталып өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)