ҚР Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.
Келісім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен өндірістер құруға, инвестиция тартуға және жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында кедендік рәсімдерді оңайлату және бизнеске қолайлы жағдай жасау да көзделіп отыр.
«Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығын құру – бұл біздің елдеріміз арасындағы сауда байланысын нығайту жөніндегі стратегиялық қадам. Жоба өзара сауда көлемін ұлғайтуға, бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашуға және экономиканың негізгі салаларына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл жай ғана индустриялық аймақ емес, инновация, ынтымақтастық және жаңа өндірістік қуаттарды дамытуда маңызды алаң», - деп атап өтті депутат Алишер Сатвалдиев.
Депутаттар талқылау қорытындысы бойынша құжатты Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)