Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ қызметінің мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.
Сенаторлар отырыс барысында мемлекеттік органдарға авиациялық қолдау көрсететін стратегиялық маңызды кәсіпорынның жұмысымен танысты. Депутаттар «Қазавиақұтқару» АҚ қызметінің негізгі мәселелерін, оның ішінде авиациялық техниканың дайындығы, кадрмен қамтамасыз ету және авиациялық жұмыстарды қаржыландыру ісін талқыға салды. Қазіргі уақытта 35 тікұшақтың 25-і жарамды күйде, бұл әуе паркінің техникалық дайындық деңгейінің 2024 жылмен салыстырғанда 13,3%-ға артқанын көрсетеді.
Қаржыландыру саласындағы проблемалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Қазіргі кезде авиациялық қызметтер бағасының өсуіне байланысты ағымдағы жылға көзделген қаржы тек 1 209 ұшу сағатын ғана қамтамасыз етеді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштен едәуір төмен (2022 жылы – 2 195 сағат, 2023 жылы – 2 308 сағат болған). Сенаторлар авиациялық міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз ету үшін 2025 жылға арналған республикалық бюджетті түзету кезінде қосымша қаржы бөлу қажеттігін атап өтті.
Сенаторлар көшпелі отырыс барысында ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқарудың командалық орталығында және «Қазавиақұтқару» АҚ құрылымдық бөлімшелерінде де болды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығына сапар ұйымдастырылды. Парламентшілер сапар қорытындысы бойынша төтенше жағдайларды авиациялық қолдауды одан әрі нығайту, «Қазавиақұтқару» АҚ материалдық-техникалық базасын жетілдіру және авиация мамандарын даярлау деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)