Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.
Құжат АҚШ консулдығының құрылысына жер учаскесін жалға алу тәртібі мен шарттарын реттеуге бағытталған. Келісімге 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йоркте қол қойылған болатын. Оған сәйкес ауданы 70 593 шаршы метр жер учаскесі АҚШ-қа 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Жалдау ақысы 25,3 миллион АҚШ долларын құрайды және Келісім күшіне енген сәттен бастап 30 күн ішінде бір мәрте төленеді.
Келісім шартына сәйкес, АҚШ нысанды салу, күтіп ұстау және пайдалану бойынша барлық шығынды дербес жабады, сондай-ақ салықтан, кедендік алымнан және рұқсат беру рәсімдерінен босатылады. Болашақ Бас консулдықтың аумағында АҚШ Сауда департаментінің, Есірткіге қарсы күрес агенттігінің, Ауруларды бақылау орталығының, Коммерциялық қызметтің, сондай-ақ PEPFAR бағдарламасының және басқа құрылымдардың өкілдігін орналастыру жоспарлануда.
Сенаторлардың айтуынша, консулдық Орталық Азиядағы ең ірі виза хабына айналады, бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жаңа жұмыс орындары ашылады, сондай-ақ бизнес пен қызмет көрсету саласын дамытуға ықпал етеді. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтады, сондай-ақ халықаралық инвесторлардың сенімін күшейтеді.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)