Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара инвестицияларды қорғау туралы заң қаралды

24.04.2025 504

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста халықаралық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялар мен халықаралық ұйымдардың қызметін қорғау жөніндегі құқықтық базаны нығайтуға қатысты заңдарды қарады.

Сенаторлар отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Құжат екі елдің инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісім инвестицияларға әділ және тең құқық тәртібін, оларды толық қорғауды және екінші тараптың аумағындағы қауіпсіздікті көздейді. Тараптардың әрқайсысы келісімнің қолданысынан шығарылуы мүмкін экономиканың сезімтал секторларын айқындау құқығын сақтайды. Сондай-ақ инвестицияларды мемлекет меншігіне айналдыруға тыйым салынды.

Депутаттар сонымен қатар «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарады. Хаттама Президенттің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Өзгерістер Хатшылық қызметкерлерінің азаматтығы мен санатына қарамастан олардың артықшылықтары мен иммунитетін кеңейтуді, сондай-ақ Хатшылыққа қорлар, зейнетақы және әлеуметтік тетіктер жасауға құқықтар беруді көздейді.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)

Бөлісу