Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады

08.05.2025 858

Бүгін Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыста қаралған «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң Мемлекет басшысының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленді.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, бұл құжат Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық қарым-қатынасты нығайтуды және халықаралық серіктестердің еліміздің инвестициялық тұрақтылығы мен тартымдылығына деген сенімін одан әрі арттыруды көздейді. Заң нормалары АҚШ Сауда министрлігінің өкілдігін, Есірткіге қарсы күрес агенттігін, АҚШ Коммерциялық қызметін орналастыру үшін жер учаскесін 49 жылға жалға беру тәртібі мен шарттарын регламенттейді.

Палата отырысында «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар да қаралып, мақұлданды. ЖЭС-ке қатысты заң аясында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын және сыйымдылығы сағатына 600 МВт болатын қуаты 300 МВт энергия жинақтау жүйесін салу жоспарланып отыр.

«Бүгін мақұлданған заңдар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, еліміздің бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің халықаралық мәртебесін арттыруға арналған түзетулер мақұлданды. Сондай-ақ Алматы қаласында АҚШ консулдығын салу үшін жер учаскесін жалға беруге қатысты келісім қаралды. Бұл құжат екі ел арасында инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Тағы бір маңызды құжат – түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған заң да қаралды. Одан бөлек, еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыратын Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы келісім мақұлданды. Жалпы, бұл заңдар шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтып, тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы әріптестерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, бұл дата ел тарихында ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Соғыс жылдарында қазақстандықтар алдыңғы шепте және тылда ерен ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқаны анық.

«Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен еліміз бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Жалпы, бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі зор. Елімізден майданға 1 млн. 200 мыңға жуық азамат аттанып, олардың жартысынан астамы оралған жоқ. Азаматтарымыз ерлік пен қайсарлықтың озық үлгісін көрсете білді. 500-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Сондықтан ардагерлерімізді ардақтап, олардың ерліктерін әрдайым есте сақтау аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Ольга Булавкина Үкіметті ветеринарларды даярлау ісіне бюджеттен қаржы бөлудің тиімділігіне талдау жүргізуге және бұл бағыттағы оқу бағдарламалары саланың қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес келетінін анықтауға шақырды. Сондай-ақ депутат мамандарды қайта даярлауға мақсатты гранттар енгізуді, мобильді ветеринарлық клиникалар құруды және ауылда жұмыс істеуге шешім қабылдаған түлектердің стипендиясын арттыруды ұсынды.

Амангелді Толамисов Қазақстандағы демографиялық жағдайға, оның ішінде халықтың қартаюына, өңірлік диспропорцияларға, көші-қон ағынының артуына және урбанизацияның өсуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Сенатордың айтуынша, проблемаларды шешу үшін демография саласындағы ғылыми-талдамалық әлеуетті күшейту қажет.

Бекбол Орынбасаров объектілерді бюджет қаражаты есебінен салу үшін пайдаланылатын жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзіміне қатысты нормаларды қайта қарау туралы мәселені көтерді. Қайта түзетулер мен бюджет қаражатының қосымша шығындарын болдырмау үшін жобаның бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасын немесе сметалық бөлігінің қолданылу мерзімін екі жылға дейін ұзарту ұсынылды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу