Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары өнеркәсіп нысандарда өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылау мақсатында төтенше жағдайлар, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдерімен кездесу өткізді.
Комитет төрағасы Андрей Лукин отырысты аша келіп, өнеркәсіп нысандарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өнеркәсіп саясатындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Өнеркәсіп нысандарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету кешенді тәсілді талап етеді, өйткені негізгі проблемаларға куә болып отырмыз. Өртке қарсы қызметтерді жарақтандыру жағдайы нашар, мамандарды даярлау деңгейі төмен, қауіпсіздік ережесінің сай болмауы және қауіптерді тиімді басқарудың жоқтығы анықталып отыр. Бұл факторлар адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Қаупі жоғары нысандарды цифрландыру мен жаңғырту, оған қоса 2030 жылға дейінгі өнеркәсіп қауіпсіздігі тұжырымдамасында көзделген жаңа тәсілдерді енгізу аса маңызды», - деді Андрей Лукин.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі өз кезегінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мекеменің негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Мамандар халықпен ауқымды шаралар, рейд, брифингтер мен жаттығулар өткізуде, сонымен қатар кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Өңірлік жоспарлар бекітілген, өнеркәсіп нысандары мен адамдар көп жиналатын орындарға бақылау күшейтілді. Материалдық-техникалық базаны жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылады, өрт автоматикасы жүйесі жөніндегі мамандарға біліктілік талаптары енгізілді. Сондай-ақ, инвесторларды қорғау шаралары жүзеге асуда және прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл жасалды. Қабылданған қадамдардың арқасында өрт кезінде қаза тапқандар саны үш жыл ішінде 6%-ға, ал материалдық залал 33%-ға азайды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)