Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты, Финляндия-Қазақстан «Достық тобының» басшысы Вилле Скиннаримен кездесті.
Андрей Лукин өз сөзінде дипломатиялық қатынас орнаған жылдарда Қазақстан мен Финляндия ынтымақтастығының оңтайлы келбеті қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ біздің елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог орнады және сауда-экономикалық қатынастар нығая түсті, мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді.
«Парламентаралық ынтымақтастық топтары әріптестік қарым-қатынастарды кеңейтудің маңызды құралы болып табылады. Қазақстан Финляндия Парламентіндегі Қазақстанмен ынтымақтастықтың жекелеген тобын құруды жоғары бағалайды. Өзара іс-қимылға деген мұндай ұмтылыс Қазақстан – Финляндия қарым-қатынастарының әлеуеті зор екендігінің айқын дәлелі болып табылады», - деп атап өтті Андрей Лукин.
Тараптар кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, көлік бағыттарын дамыту, инвестиция тарту, сондай-ақ орман алқаптарын сақтау және кеңейту мәселелерін талқылады.
Вилле Скиннари өз кезегінде өзара парламентаралық іс-қимылды одан әрі нығайту Қазақстан мен Финляндия арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)