Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді. Кездесу барысында заңнаманы жаңғырту, өрт және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға ден қою инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Комитет төрағасы Андрей Лукин қазіргі таңда климаттық және техногендік факторлармен байланысты қауіп-қатерлер құрылымының күрделене түскенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтық қорғау жүйесі заман талабына сай алдын ала әрекет ететіндей болуға тиіс. Сонымен қатар, ол Сенаттың заңнамалық тетіктер арқылы азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу деңгейі мен техникалық қамтамасыз етілуін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын жеткізді.
«Құтқарушылардың кәсіби қызметі үнемі өмір мен денсаулыққа төнетін қауіппен байланысты. Бұл қызметтің нәтижесі жоғары әлеуметтік маңызға ие. Сондықтан бұл салаға моральдық қолдаудан бөлек, заңнамалық деңгейде нақты шешімдер қабылдау қажет. Біз тиімді азаматтық қорғау жүйесі – еңбек етуге лайықты жағдайсыз, тұрақты тұрғын үймен қамтамасыз етілмейінше және бәсекеге қабілетті жалақысыз мүмкін емес деп санаймыз. Осыған байланысты әзірленген заңнамалық түзетулер бейінді министрлікпен және Парламенттің қос палатасының депутаттарымен тығыз өзара іс-қимыл негізінде жасалды», – деді сенатор.
Отырыс барысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев азаматтық қорғау жүйесінің қазіргі жағдайы мен оны дамытудың негізгі басымдықтары туралы кеңінен баяндады. Атап айтқанда, жаңа форматтағы аумақтық бөлімшелер құру, авиаотрядтарды іске қосу, модульдік қағидат бойынша нысандар салу, қауіп-қатерлерді мониторингілеу жүйесін цифрландыру, ерікті құрылымдарды нығайту және «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, құтқарушыларды даярлау, жаттығулардың жаңа форматтары және инклюзивті орта қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар азаматтық қорғау саласындағы саясатты іске асыруға парламенттік бақылауды күшейту, заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды тұрақты түрде нығайту қажеттігін атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)