Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және оған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.
Бұл құжаттар аумақтық қорғаныс мәселелерін құқықтық реттеуге және осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағытталған. Онда аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеті, қағидалары мен шаралары, сондай-ақ Президенттің, Үкіметтің және Қорғаныс министрлігінің өкілеттіктері айқындалған. Мемлекет басшысына бағынатын мемлекеттік органдардың, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, меншіктің барлық түріндегі ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері белгіленді.
Сенаторлардың айтуынша, заңдардың қабылдануы мемлекет аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге, оның ішінде әскери бөлімшелер мен бөлімдердің әлеуетін дамытуға, материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палата отырысына қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)