Құқық қорғау қызметін қалай адамгершілікке, әділдікке және тиімділікке жақындатуға болады? Қоғамдық тәртіпті күзетіп жүргендер үшін тұрғын үйге тең қолжетімділікті қалай қамтамасыз етуге болады? Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қандай қолдау көрсету қажет? Бұл сұрақтарға жауап Сенаттағы жұмыс тобының отырысында талқыланған жаңа заңда көрсетілген. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда бірнеше маңызды мәселе қамтылған. Мәселен, «жергілікті полиция қызметін» тарату ұсынысынан бастап, әлеуметтік қорғаудың заманауи стандарттарын енгізуге дейін. Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген бұл түзетулер мыңдаған қазақстандықтардың құқықтарына тікелей әсер етеді.
Заң аясында құқық қорғау қызметі, ішкі істер органдары, азаматтық, құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғын үй қатынастары жөніндегі 23 нормативтік актіге өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Енді тұрғын үй төлемдерін азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері — оның ішінде өрт сөндірушілер, төтенше жағдайларды жою, шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету қызметін атқаратын мамандар да ала алатын болады.
Сондай-ақ, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне ай сайынғы төлем алу құқығын беру ұсынылуда. Айта кету керек, қазіргі уақытта бұл төлемдерге (жесірлерге — өмір бойы, балаларға — 23 жасқа дейін) тек 2022 жылғы 1 қаңтардан кейін қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары ғана құқылы.
Маңызды өзгерістер ІІМ құрылымдарының жұмысына да қатысты. Жергілікті полиция қызметін тарату көзделуде. Жұмыстың жеделдігін және тиімділігін арттыру мақсатында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында екі мамандандырылған бағыт енгізіледі. Бұл қадам — міндеттердің нақты бөлінуіне және желілік бөлімшелерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Заңда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім түрлерін қоғамдық орындарда киюге тыйым салу нормасы да көзделген. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Заңмен көзделген жағдайлар, қызметтік міндеттерді орындау, медициналық мақсаттар, ауа райы жағдайы сияқты ерекшеліктер үшін бұл тыйым қолданылмайды.
Сонымен қатар, құқық қорғау қызметкерлерін аттестаттау барысында қазақ тілін білу деңгейіне тестілеу жүргізу міндеті заңнамаға жүйелі жаңашылдық ретінде енгізіледі. Бұдан бөлек, өндірістік мақсаттағы қарасора сорттарын өсіру мен өңдеу тәртібі де қайта қаралмақ.
Осылайша, заңды қабылдау құқық қорғау саласындағы құқық қолданудың бірізділігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді, қызметкерлер мен олардың отбасылары үшін әлеуметтік кепілдіктерді арттырады және заңнамадағы өзектілігін жоғалтқан нормаларды жояды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)