Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту туралы заң қаралды

19.06.2025 269

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарады.

Шарт екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған және жоғары және жоғарғы деңгейдегі кездесулер тетігін жетілдіруді, саясат пен қауіпсіздік саласындағы үйлестіруді күшейтуді, тұрақты түрде пікір алмасуды және өңірлік және халықаралық сипаттағы түйінді мәселелер бойынша ұстанымдарды келісуді көздейді. Құжат тараптардың саяси, әскери, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік, су-энергетикалық, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалармен қоса бірқатар басым салалардағы ынтымақтастықты кеңейту ниеттерін бекітеді.

Шартта қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмыс, киберқылмыс және есірткінің заңсыз айналымы сияқты қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күресте өзара тығыз іс-қимылға дайын екендіктерін білдіреді. Құжат парламентаралық байланыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Кеңес аясында дамытуды қолдауды көздейді.

Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу