Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында жаңа Салық кодексі және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талқыланды.
Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге жағдай жасайтын әділ, икемді әрі цифрландырылған салық жүйесін құру болып отыр. Құжатта дифференцияланған салық мөлшерлемелерін енгізу, салықтар мен алымдар санын қысқарту, арнайы салық режимдерін реформалау және салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу көзделген.
Ілеспе заң қолданыстағы заңнаманы жаңа Салық кодексінің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Өзгерістер Кәсіпкерлік, Бюджет, Кеден, Әлеуметтік кодекстеріне, сондай-ақ өнеркәсіптік саясат, мемлекеттік сатып алулар және сауда қызметі туралы заңдарға енгізіледі. Негізгі жаңалықтардың қатарында – инвесторларды қолдауды күшейту, салықтық рәсімдерді нақтылау және терминологияны біріздендіру бар.
Депутаттар талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысының қарауына жолдау туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)