Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Ұлытау облысындағы өнеркәсіп секторымен және жылумен жабдықтау жүйесінің жағдайымен танысты

20.06.2025 289

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Жезқазған қаласында болды. Шараға қатысушылар Ұлытау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру, өңірдің өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ахуал жасау үшін нормативтік базаны жетілдіру мәселелерін талқылады.

Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев Ұлытау облысын табысты дамыту үшін өңірдің табиғи және инфрақұрылымдық ресурсын тиімді пайдалануға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Ол Ұлытаудың өнеркәсіптік әлеуеті зор екенін, дегенмен кәсіпкерліктің белсенді қолдау, заманауи технологияларды енгізу және тұрақты энергетикалық базаны қамтамасыз ету арқылы ғана өңірді өркендетуге болатындығын атап өтті.

«Ұлытау облысын өнеркәсіптік тұрғыда дамытудың зор мүмкіндігі бар, бірақ өңірдің өркендеуі шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және маман даярлаумен қатар жүруі маңызды. Тек осы жағдайда ғана тұрақты экономикалық тиімділікке қол жеткізуге және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға болады», - деді сенатор.

Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі өз кезегінде өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері туралы хабардар етті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің өсуі 7,7%-ды құрады, ал жалпы өңірлік өнімді жан басына шаққанда еліміздегі ең жоғары көрсеткіштің бірі болып отыр. 2024 жылы ғана тоғыз инвестициялық жоба іске асырылып, 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 17 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді: 350-ден астам бизнес-жобаларға қолдау көрсетілді, экономикадағы ШОБ үлесі ұлғайды, сауда мен сервистің жаңа объектілері құрылды.

Депутаттар сонымен қатар жылу электр орталығын, Жезқазған кен байыту фабрикасы мен мыс балқыту зауытын, сондай-ақ Сәтбаев қаласының трикотаж фабрикасы аралады және жылу қазандығын көрді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу