Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста ғарыш саласын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін жетілдіру және халықаралық инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты заңдарды қарады.
Сенаторлар отырыста «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Құжат бірлескен жобадағы көрсеткіштерді жаңартуға бағытталған. Хаттамада сонымен қатар «Бәйтерек» АҚ-ына салық преференциясы көзделген, ол бюджеттен қосымша қаржыландыруды болдырмауға мүмкіндік береді. Қазақстандық тарап инфрақұрылымды жаңғырту, маман даярлығы мен құлау аудандарын қамтамасыз етеді. Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасығышын шығарумен айналысады.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады. Құжатта Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жанынан әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру орталықтарын құру көзделген. Әскери даярлықтан тереңдетілген бағдарлама бойынша өтіп жатқан азаматтарды есепке алу мақсатында «жас сарбаз» және «жас айбын» ұғымдары енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдардың мамандандырылған әскери мектептер мен секциялар құру жөніндегі өкілеттіктері айқындалды, бұл ретте дайындыққа мониторинг жасау Қорғаныс министрлігіне жүктелді. Жергілікті әскери басқару органдары ақпараттық жүйелерден азаматтар туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізе алады. Заң сонымен қатар мерзімді қызметтен өткен немесе келісімшарт жасасқан азаматтарды оқығаны үшін міндетті жұмыс істеуден босатуды ұсынады. Медициналық комиссия мен қызмет өткеру уақытында жұмыс орны мен жалақының сақталуына кепілдік беріледі.
Депутаттар сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарады. Келісім инвесторларды құқықтық қорғауға және екі ел арасындағы ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құжат инвестицияға әділ және тең құқықты режимді, оларды толық қорғауды және қауіпсіздікті көздейді. Тараптар экономиканың сезімтал секторларын оқшаулау құқығын сақтайды. Сондай-ақ, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда және өтемақы төленген жағдайда инвестицияны халық меншігіне беруге және экспроприациялауға тыйым салынды.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)