Сенат депутаттары Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек және Ақжайық аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында болды. Сенаторлар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске асыру барысымен танысып, өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жергілікті тұрғындармен бірге талқылады.
Депутаттар Макарово ауылында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа құс фабрикасында болды. Сенаторлар жергілікті өндірісті дамыту мен саланы тұрақты дамыту барысында өңірдегі ірі құс фабрикаларымен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Олар Октябрьское ауылында көкөніс өсірумен айналысатын «Август» шаруа қожалығының қызметімен танысты және коллекциялық бақты аралап көрді. Бағбандар 2024 жылдың көктемгі су тасқыны айтарлықтай зиян келтіргенін айта келіп, бақтағы жеміс ағашының 80%-ы қурап қалғанын жеткізді. Сенаторлар маңызды ақпараттарды салалық мемлекеттік органдарға жеткізуге жәрдемдесуге уәде беріп, жағдайға алаңдаушылық білдірді. Олар Новенький ауылында жеке инвестицияларға салынған құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыттың жұмысымен де танысты.
Депутаттар Орал қаласында ветеринария күніне арналған салтанатты шараға қатысты және Жайық өзенінің жағалау учаскелерін аралап, жағалау сызығын нығайту бойынша жұмыстарды көрді.
Сенаторлар сапар аясында су тасқыны туралы ерте хабарлау жүйесімен танысып, «Қазсушар» РМК филиалының Круглоозерное, Щапово, Көшім, Ақсу, Янайкино және Тоған ауылдық елді мекендеріндегі бөгеттерінің, сорғы станциялары мен нысандардың техникалық жай-күйін тексерді. Сенаторлар қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Киров су қоймасының аумағында да болды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)