ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Айнұр Арғынбекова, Ернұр Әйткенов, Жанболат Жөргенбаев, Алишер Сатвалдиев және Наурызбай Байқадамов Аустрия Парламентінің делегациясымен кездесті.
Әли Бектаев өз сөзінде Аустрия Қазақстанның Еуропалық Одақ пен Орталық Еуропадағы маңызды әріптесі екенін атап өтті. Ол саяси диалогқа, қарқынды сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және мәдени-гуманитарлық тығыз байланыстарға негізделген екіжақты қатынастардың дәйекті дамуына тоқталды.
«Қазақстан мен Аустрия арасындағы тұрақты парламентаралық диалогты қолдауды екіжақты өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды тетігі деп санаймыз. Біздің парламенттерде жұмыс істеп келе жатқан достық топтары ынтымақтастықты тереңдетуде зор рөл атқарады. Осындай түрдегі өзара іс-қимыл заңнамалық органдар деңгейінде тұрақты және сындарлы диалог үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз», - деді Әли Бектаев.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, көлік-логистика, «жасыл» энергетика және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықпен қоса өзара екіжақты ауқымды іс-қимыл мәселелерді талқылады. Климатқа байланысты күн тәртібі, суды үнемдеу, сондай-ақ халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аустриялық парламентшілер өз кезегінде саяси және экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға назар аударып, Қазақстан Аустрияның аймақтағы негізгі серіктесі болып табылатынын атап өтті. Тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін нақтылады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)