Сенат Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.
Құжат ұлттық заңнаманы қаржы нарығының қазіргі жағдайына бейімдеуге, қаржы мониторингінің тиімділігін арттыруға және қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттарды орындауға бағытталған.
Заңда тек атаулы бағалы қағаздар шығару, «мінсіз іскерлік бедел» ұғымын қайта қарау, «тәуекелдерді ұлттық бағалау» мен «тәуекелдерді секторлық бағалау» ұғымдарының аражігін ажырату, жалған-банктер құруға тыйым салу, тәуекел-сәйкестендірудің автоматтандырылған жүйесіне клиенттерді енгізу, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары мен клирингтік орталықтар және «Азаматтарға арналған үкімет» ұлттық агенттігімен бірге қаржы мониторингі субъектілерінің аясын кеңейту көзделген. Ақша, мүлік және цифрлық активтермен операцияларға жаңа шекті сомалар енгізіледі, адамдарды терроризмді қаржыландыруға байланысты тізбеден шығару қағидалары нақтыланады және Қаржы мониторингі агенттігінің қауіпті субъектілерді бақылау жөніндегі міндеттері бекітіледі.
Заң сонымен қатар «жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру», «шетелдік траст», «скорингтік модуль» және «жеке кабинет» сияқты жаңа ұғымдарды енгізеді, сондай-ақ 2022-2026 жылдарға арналған қаржы мониторингі дамыту тұжырымдамасына сәйкес келетін күдікті әрекеттер туралы хабарламалар жіберу міндеттемесін белгілейді.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)