Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Айнұр Арғынбекова халықаралық конференцияға қатысушылармен кездесу өткізді. Шара «Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің мүдделерін ескере отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу» тақырыбында 10 қыркүйекте Астанада өтеді. Форумға Финляндия, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және басқа елдердің делегаттары қатысып, әлеуметтік саясаттың маңызды мәселелерін және мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау тақырыбын талқылайды.
Нұртөре Жүсіп өз сөзінде Қазақстандағы әлеуметтік саланың дамуына кеңінен тоқталып, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау ісіндегі жетістіктер мен Орнықты даму мақсаттарының интеграциясын атап өтті.
«XXI ғасырдың жаһандық күн тәртібі жағдайында барлық топтағы халық үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселесі ерекше мәнге ие. 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібін халықаралық қауымдастықтың қабылдауы мемлекеттер үшін әлеуметтік және экономикалық саясатты қалыптастыруда бағдар болды. Қазақстан осы құндылықтарды бөлісе отырып, ОДМ-ды ұлттық стратегиялық басымдықтарға енгізді. Сонымен қатар, еліміздің 2015 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялауы мемлекеттік саясаттағы жаңа кезеңді айқындады. Қазір Қазақстанда 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы, сондай-ақ қолжетімді орта құруға және мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатордың айтуынша, Қазақстан бұл салада жүйелі жұмыс жүргізіп келеді: қажетті заңнамалық база құрылды, мемлекеттік бағдарламалар іске асуда, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық дамып отыр. Соңғы жылдары білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларында оң өзгерістерге қол жеткізілді.
«Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын жүзеге асыру - бұл тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі ғана емес, сонымен қатар орнықты дамуға қол жеткізудің маңызды алғышарты екенін атап өткен жөн. Қазақстан алдағы уақытта да инклюзивті саясатты дамытуға, әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіруге, әрбір азамат денсаулығына немесе жынысына қарамастан өз әлеуетін жүзеге асыра алатын толерантты қоғам қалыптастыруға күш салады», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сенатор сөзінің соңында халықаралық сарапшыларға алғысын білдіріп, тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Шетелдік мамандар мен ұйым өкілдерінің қатысуы бірлескен жұмысқа жаңа мүмкіндіктер ашып, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірыңғай алаң қалыптастыруға ықпал етеді», - деді Нұртөре Жүсіп.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)