Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық Құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында әзірленген «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының әлеуметтік маңызы мен ықпалын талқылауға арналған дөңгелек үстелдің жұмысына қатысты. Қатысушылар құндылықтарға негізделген бағдарламалардың ұзақ мерзімді әсерін, халықаралық тәжірибені, отбасы мен қоғамның тәрбиедегі рөлін, сондай-ақ құндылықтардың жасөспірімдердің тұлғалық дамуына ықпалын талқылады.
Өз сөзінде Бибигүл Жексенбай «Адал азамат» бағдарламасының маңызы тек білім беру жүйесі үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін зор екенін атап өтті. Бағдарламаның мақсаты - жас ұрпақ бойында адалдық, жауапкершілік және әділдік сияқты қасиеттерді қалыптастыру.
«Күшті мемлекет құру үшін ең алдымен адами құндылықтар қажет, олардың ішінде бастысы - адалдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Әділетті Қазақстанды тек адал азаматтар ғана құра алады. Адал еңбек абырой әкеледі, ал абыройлы адам әділетсіздікке жол бермейді. Әділетсіздік - елді күйрететін қауіпті дерт», - деді Бибигүл Жексенбай.
Отырыс аясында мектептерде құндылықтарға негізделген тәрбиені енгізу тәжірибелері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Мұғалімдер мен әдіскерлер оқу процесінде де, сыныптан тыс жұмыстарда да қолдануға болатын әдістемелерімен бөлісті.
Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Бирмингем университетінің профессоры, The Jubilee Centre for Character and Virtues орталығының директоры, Сингапур ұлттық білім беру институтының Құндылықтар мен азаматтық тәрбие орталығының директоры, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басшылары, білім беру саласының өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)