Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрлігінің өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қаралды.
2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары қол қойған Хаттама электрондық сауданы реттеуді жүйелеуге бағытталған. Құжатта халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жеке тұлғаларға жіберілетін тауарлардың жеке санаты енгізіліп, электрондық сауда операторы (мұндай жөнелтілімдерді жеткізумен айналысатын пошта операторы) ұғымы бекітіледі және кедендік декларацияның жаңа түрі - электрондық сауда декларациясы қарастырылған.
Хаттаманы ратификациялау электрондық сауданы дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады, кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттырады, техникалық регламенттер мен әкелінетін тауарлардың қауіпсіздігіне бақылауды күшейтеді, сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтар есебінен бюджет кірістерінің өсуіне ықпал етеді.
Қаржы және бюджет комитеті аталған заңды Сенаттың жалпы отырысына шығару жөнінде ұсыным берді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)