Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесіне барды. Ұлттық музейде ашылған көрме қылқалам шеберінің мерейтойына және шығармашылығының 50 жылдығына арналып отыр.
Бүгінде Ерболат Төлепбайдың есімі елімізбен бірге шет мемлекеттерде де кеңінен танымал. Ол бейнелеу өнерінде қалыптасқан дәстүрді лайықты жалғастырып, Әбілхан Қастеев, Гүлфайрус Исмаилова, Жаңатай Шәрденов сияқты әйгілі суретшілерден үзілмеген сабақтастықты сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Ерболат Төлепбай ұлттық бояуды Еуропа және Азия мәнерімен шебер ұштастыру арқылы елімізде қазақы сюрреализмнің негізін қалаушылардың бірі екенін де атап өткен жөн.
Мәулен Әшімбаев мерейтой иесі отандық бейнелеу және кескіндеме өнерінің дамуына зор еңбек сіңіргеніне назар аударып, оның шығармашылығы жан-жақты екенін тілге тиек етті. Суретшінің дәстүрге негізделген және рухани мазмұнға ие картиналары көркемдік инновация мен мәдени жаңғыруды, ежелгі мифтер мен заманауи шынайылықты үйлестіріп, бірегейліктің маңызын арттыра түскені сөзсіз.
Палата Спикері ұлттық бірегейлікті дәріптеу, жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ, ұлттық код пен сабақтастықты сақтау жолында заманауи мәдениеттің және өнердің мәні зор екенін айтты. Сондықтан аталған сала Мемлекет басшысының ерекше назарында.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мәдениетімізді дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде бұл бағытта түрлі бағдарламалар мен маңызды жобалар іске асырылуда. Соның ішінде ұлттық мәдени мұрамызды дәріптеуге арналған ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр. Осы көрме де сондай игі істің лайықты жалғасы екені анық. Ерболат Төлепбай өз туындыларымен қазақ бейнелеу өнерінің ілгерілеуіне елеулі үлес қосты. Оның әр картинасында үлкен ой, терең философия жатыр. Әсіресе, көшпелілер дәстүрі мен дала даналығы арқылы суретші ұлттық код, тарихи сана, сабақтастық сияқты құндылықтардың маңызын айрықша дәріптейді», – деген Мәулен Әшімбаев қылқалам шеберіне ізгі лебізін арнап, шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шараға еліміздің мәдениет қайраткерлері, зиялық қауым өкілдері және Суретшілер одағының мүшелері қатысып, Ерболат Төлепбайды мерейлі белесімен құттықтады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)