Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылады

03.10.2025 396

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Ақтөбе облысында болды және облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.

Сенаторлар өңірде өнеркәсіп пен шағын бизнестің қарқынды дамуы байқалғанымен кешенді шешуді талап ететін бірқатар проблемалар сақталып отырғанын атап өтті. Депутаттардың айтуынша, кәсіпкерлерді қолдауға, өндірістік әлеуетті дамытуға және инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше назар аудару қажет.

«Біз облыста, атап айтқанда өнеркәсіп пен шағын және орта бизнес саласында жұмыстың оң нәтижелеріне куә болып отырмыз. Сонымен қатар, қауіп-қатерге уақтылы жауап беру және өңірлерді қолдау үшін заңнамаға өзгерістер енгізу маңызды. Сенат аталған мәселелерді шешу бойынша жергілікті билік органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», - деп атап өтті Серік Шайдаров.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде өнеркәсіп, аграрлық сектор және әлеуметтік даму саласында өңірдің қол жеткізген нәтижелері туралы айтып берді. Ол жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру басымдықтар болып қала беретінін атап өтті.

Сенаторлар сапар барысында өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарда болды. Олар «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС, «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС, «Қазхром» ТҰК» филиалы – АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, сондай-ақ «Capital Plast» ЖШС жұмысымен танысты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу