Сенат Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.
Келісім деректерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ТМД-ға қатысушы елдердің қаржылық барлау бөлімшелері арасында жедел ақпарат алмасу мақсатында бірыңғай ақпараттық кеңістік пен инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Құжатта қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және ұлттық және халықаралық деңгейде терроризмді қаржыландыруға байланысты қауіптерге бағалау жүргізу, ТМД-ға қатысушы елдер арасында ақпарат алмасу көзделіп отыр. Сонымен қатар ақшаны жылыстатудың және терроризмді қаржыландырудың алдын алу және оған қарсы күрес мақсатында халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды әзірлеу және енгізу, қаржы мониторингі және қауіптерді бағалау саласындағы мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі ережелер бар. Сондай-ақ қаржы институттары, құқық қорғау органдары және басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту да қарастырылған.
Сенаторлардың айтуынша, келісімді ратификациялау неғұрлым тиімді мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимыл жасау мен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру қауіпіне ұлттан жоғары бағалау жүргізу мақсатында құқықтық база құруға мүмкіндік береді.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)