Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселелері талқыланды

29.01.2020 927

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Жұмыс істейтін азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу үшін және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында нысаналы пайдалану мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Шараға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика, білім және ғылым министрліктерінің, Ұлттық банктің, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры», «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамдарының басшылары мен өкілдері қатысты.

Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы шараны аша келіп, кездесудің негізгі мақсаты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға ақы төлеуге пайдалану мәселелерін кешенді қарау екенін атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов дөңгелек үстелге қатысушылар алдында сөз алып, зейнетақы жинағын алу үшін 30 жастағы ер адамдарға 6,7 млн теңге, ал әйелдерге 9,6 млн теңге жинақтау шегі ретінде белгіленгенін атап өтті. Үкімет салымшылар бүгінгі таңда өз жинақтарының жеткіліктілік шегінен асып түсетін бөлігін ала алады деп санайды.  «Яғни, зейнетақы қорында еліміздегі ең төменгі зейнетақыдан кем болмайтын зейнетақы төлемдерін өмір бойы алу үшін қажетті сома болуы тиіс», - деді Б. Нұрымбетов. 

Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылованың айтуынша, қазіргі кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары білім алу үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірленген. Онда экономикалық белсенді азаматтар білім алу үшін қазіргі уақытта жүзеге асып жатқан бағдарламалар аясында қаржыны қайтару қағидаты негізінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін төлеу мүмкіндігі реттелетін болады.

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Үкімет пен Ұлттық банкке бірқатар нақты ұсыныстар берді. Оның ішінде, қайтару шарты бойынша зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігін қарастыру, алатын зейнетақыға оң ықпал етуге және жұмыс істейтін азаматтардың қажеттіліктерді шешу үшін пайдалана алатын зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайту мақсатында азаматтардың табысын, оның ішінде жалақының ең төменгі мөлшерін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау, ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту мәселелерін талқылау және тағы басқа мәселелер бар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 2 қыркүйектегі Жолдауында қазақстандықтардың құрметті демалысқа шыққанға дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалануға мүмкіндік беруін ұсынған болатын.

Бөлісу