Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің жөніндегі депутаттары кеңейтілген отырыста «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Құжат коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарды мемлекеттік қолдау аясында берілетін мемлекеттік субсидияның толық игерілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңда салық салу кезінде мемлекеттік субсидия табыс ретінде қаралмайды, сондай-ақ Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервінен бөлінген субсидия, грант немесе өзге де өтеусіз көмек есебінен жүргізілген шығындар шегерілмейді деп көзделеді. Ол норма акциялары мемлекетке 100% тиесілі және электр, жылу энергиясы мен су өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдарға қолданылады.
Заң қабылданғанда босаған қаржыны неғұрлым басым бағытқа қайта бөлуге, оларды өндірістік қызметті қолдау мен жақсартуға қайта инвестициялауға, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заң сонымен қатар энергетика қуатына қолдау жасауға және халық пен кәсіпорындардың экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)