Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Ұлттық қор қаражатын перспективалы жобаларға инвестициялау тәсілдерін талқылады

29.01.2026 413

ҚР Парламенті Сенатында Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен оларды шешу жолдары» атты Жолдауын іске асыру аясында Ұлттық қор қаражатын перспективалы жобаларға инвестициялау мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Ұлттық қордың орнықты дамуды қамтамасыз ететін құрал ретіндегі рөлін қайта қараудың, сондай-ақ ел экономикасы үшін қосымша инвестициялық көздер қалыптастырудың өзекті екенін атап өтті.

«Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану мәселесі Сенат үнемі назарда ұстайтын маңызды салалардың бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы жоғары нарықтық әлеуетке ие, ұзақ мерзімді инвестициялық табыстылықты қамтамасыз етіп, экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін жобаларды қаржыландыруда Қор қаражатын байыпты әрі ұтымды пайдалануды міндет етіп жүктеді», – деді ол.

Кездесу барысында қазіргі уақытта Ұлттық банк пен Үкімет Ұлттық қор активтерін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатқаны, оның ішінде Ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасын іске қосу және инвестициялық тетіктер аясын кеңейту көзделіп отырғаны айтылды.

Іс-шарада Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің өкілдері сөз сөйледі. Талқылауға Жоғары аудиторлық палата мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері де қатысты.

Кездесуге қатысушылар Ұлттық қор қаражатын қосылған құны жоғары жобаларға инвестициялау перспективалары, баламалы инвестициялық тетіктерді дамыту, сондай-ақ активтерді басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.

Талқылау қорытындысы бойынша Сұлтанбек Мәкежанов жаңа инвестициялық тетіктерді іске қосу Ұлттық қордың кіріс базасын нығайтуға, экономиканың сыртқы факторларға тәуелділігін азайтуға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)

Бөлісу