Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы «ALAN» халықаралық мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесті.
Сенатор кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіріп, мемлекеттің одан әрі дамуы, оның ішінде білім беру саласын өркендетудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ оқу орнын дамытудың стратегиялық бағыттары және білім беру жүйесіне қойылатын заманауи талаптар талқыланды.
Нұрлан Бекназаров өз сөзінде білім беру ұлттық өркендеудің негізгі бастауы екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде әрбір азаматтың қабілетін ашу, білімді дамыту, инновацияны қолдау және шығармашылық ойлауды қалыптастыруда – басты ресурс адам әлеуеті болып қала береді. Сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету, педагог мәртебесін нығайту, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын сақтау және мемлекеттің құқықтық негіздерін дамытуға ерекше назар аударылды.
«Жаңа Конституцияның жобасында білімге, ғылымға, мәдениетке және инновациялық дамуға ерекше көңіл бөлінген. Ол бәсекеге қабілетті және өскелең ұлтты қалыптастырудың стратегиялық таңдауды көрсетеді. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуы экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен адам капиталының сапасымен де айқындалады», - деп атап өтті сенатор.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)