Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заңды қарады

13.05.2026 315

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Кеңейтілген отырысқа сыртқы істер, әділет, сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Инвестиция комитетінің өкілдері қатысты.

Талқылау барысында құжат екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың халықаралық-құқықтық базасын одан әрі жаңғыртуды және бірлескен стратегиялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруды көздейтіні атап өтілді.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуда құқықтық-шарт базасын жетілдірудің маңызы зор. Қаралып отырған келісім өзара инвестицияларды қорғауға ашық және белгіленген ауқымда жағдай жасауға бағытталған», - деді комитет төрағасы Андрей Лукин.

Келісімде инвестиция ісіне қатысушыларға тең жағдайды қамтамасыз ететін ұлттық және барынша қолайлы тәртіптер тетіктерімен қоса инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі қазіргі заманғы халықаралық стандарттар бекітіледі. Құжатта сондай-ақ капитал салымдарын қорғау кепілдігі, дауларды реттеудің ашық тетіктері және инвестициялық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған құқықтық құралдар көзделген.

«Экономиканың нақты секторының әлеуетін арттыру және ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларды нәтижелі іске асыруда осы Келісімді ратификациялаудың маңызы зор. Жоғары технологиялық салаларға сапалы инвестиция келуі үшін нақты және түсінікті құқықтық негіз жасау қуатты драйвер болады, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады», - деді сенатор Сергей Ершов.

Комитет талқылау қорытындысы бойынша заңды Сенат отырысының қарауына шығаруды ұйғарды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу